Әлеуметтік сала әркез басымдыққа ие

586

0

Жергілікті бюджетті бөлісуде әлеуметтік салаға басымдық беру әлі күнге маңызын жойған емес. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІІ сессиясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұл бағытқа 1 млрд теңге жұмсалатынын айтты.

– 2021 жылға арналған облыстық бюджет 411,6 млрд теңге көлемінде бекітілді. Сессияның күн тәртібіне 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті 18,9 млрд теңге сомасында алғашқы нақтылау мәселесін ұсынып отырмыз. Бұл қаржы 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қаражат қалдығын (1,7 млрд теңге) қайта бөлу, кіріс көзінің (14,1 млрд теңге) ұлғаюы, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған және үнемделген қаржысы (3,1 млрд теңге) есебінен қалыптасты, – деді аймақ басшысы.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын, жұмыспен қамтудың жол картасы шең­берінде 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 жоба бойынша биыл Қызылордада кредиттік тұрғын үй құрылысын жүргізу, сол жағалаудағы үйлердің ин­женерлік инфрақұрылымын дамыту негізгі шығын бағыттары ретінде аталды. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру, әлеуметтік сауда дүкендерін салу, шағын және орта бизнес үшін кредитті ішінара кепілдендіру қажеттілігі де туындап отыр. Сондай-ақ кезек күттірмейтін маңызды мәсе­лелерді шешу 1,4 млрд теңгені керек етеді.

Үшжылдық бюджет туралы облыстық мәслихат шешімін өзгертіп, толықтыру осылайша сессияның өзегі болды. Одан бөлек, амбулаториялық ем кезінде азаматтардың жекелеген санаттарына дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымды қосымша беру, әлеуметтік маңызды жол қатынасы тізбесін айқындау, Қы­зылорда қаласындағы № 11 мектеп-лицейге Әбубәкір Тыны­баев есімін беру мәселелері көтерілді.

Сирек кездесетін ауру түрлеріне шалдыққан науқастар былтыр рес­публикалық бюджет есебінен дәрілік препараттармен тегін қамтамасыз етілді. Бірақ кейін кейбір дәрі тізім­нен алынып тасталып, ол үшін жергілікті бюджеттен шығындалуға тура келді. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов әлеуметтік осал топтағы науқастарды нозо­логиялық аурудың ауырлық деңгейіне байланысты тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұрады.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масының басшысы Мұрат Тілеуімбетов ауданаралық бағыттар тізбесін әлеу­меттік маңызы бар қатынас түрі ретінде айқындауды ұсынды. Бүгінде ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен жалғайтын 11 тұрақты автобус маршруты осы санатта. Облыстық бюджеттен бөлінген субсидия толығымен игеріліп келеді.

Облыстық ішкі саясат бас­қар­масының басшысы Мира Қаз­бекованың хабарламасына сүйенсек, білім ордасына су шаруа­шылығы майталманының есімін беру мәселесі Президент әкімшілігімен келісілген. Ха­лық қалаулылары ұсы­ныс­ты бірауыздан мақұлдады. Айта кетейік, Ә.Тыныбаев әр жыл­дары халық депутаттары облыс­тық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қа­зақстан Компартиясы Қазалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР мелиорация және су шаруашылығы министрі болды. Сыр өңірінде еңбек еткен уақытта күрішті суландырудың жаңа инженерлік алқабын жобалау, салу, игеру, аудандарда үлкен каналдар қазу, құрылыс жүргізу, оларды пайдалануға беру сияқты қыруар жұмыс атқарылды.

Күн тәртібіндегі соңғы сұраққа қатысты облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі.

Облыстық сайлау комиссия­сының құрамына «Ауыл» халық­тық-демо­кра­тиялық патриот­тық партиясы облыстық филиалынан Болат Нақыпов­тың кандидатурасы қолдау тапты.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімов көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

– Сол жағалаудың сәніне сән қосқан үйлердің көптеп салынуы көңіл қуантады. Бірақ біз сапа мәселесін қаперден шығарып алғандаймыз. Жақында бір топ депутат сонда барғанымызда мынаған көз жеткіздік: үшбөлмелі үйдің көлемі 60-65 шаршы метр шамасында екен. Ауласы да тар, қозғалысқа ыңғайсыз. Құ­зырлы орындар алдағы уа­қытта осы жағын ескеруі тиіс. Қолжетімді баға – қолайлы өмір симметриясы сақталғаны жөн. Қызылордалықтар оны көптеген жыл бойы игілігіне пайдаланатындай болуы қажет, – деді Ш.Әбдікәрімов.

Сондай-ақ, депутат Қылышбай Бисенов жергілікті балабақ­шаларды қаржы­ландыру мәсе­лесін қозғады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<