Әлеуметтік сала қызметкерлері спорттық сайыста бақ сынады

493

0

№2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен спорттық спартакиада өтті. Ол Қызылорда облысының 85 жылдығы және 25 қазан Республика күніне орай ұйымдастырылды. Мақсаты – әлеуметтік қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамыту және қалыптастыру.

Аталған спартакиадаға мемлекеттік және ведомстволық мекеме қызметкерлері арасынан 7 команда қатысты.

Спартакиаданы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Барлық әлеуметтік сала қызметкерлерін келіп жеткен төл мерекемен құттықтаймын. Осынау мерекеде ұйымдастырылып жатқан спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жеңісті күндеріңіз көп болсын деген ізгі тілегімді жолдаймын. Халық үшін еткен еңбектеріңіз еселі, абыройларыңыз асқақ болсын. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар жалғасын табады, – деді ол.

Қатысушылар спартакиада барысында арқан тарту, 100 метрге жүгіру, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және воллейбол сынды спорт түрлерінен бақ сынады.

Спорттық іс-шара барысында Асхат Маханбет пен Руслан Кенжебаев қатысушыларды жігерлендіріп ән шырқады.

Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушы командалар үздіктер қатарынан табылып, жүлделі орындарға ие болды. Қазылар алқасы әр сайыс түрінен үздік ойыншыларды анықтады.

Атап айтар болсақ, «Үздік шахмат ойыншысы» номинациясымен Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан Тамара Қожабай, «Үздік теннис ойыншысы» номинациясымен Еңбек мобильдігі орталығынан Гүлжайна Сейтова, «Үздік воллейбол ойыншысы» номинациясымен Ермұхамед Тәуірбаев, «Үздік жүгіру ойыншысы» номинациясымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан Әлішер Қожаев марапатталды.

Барлық қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталып, сый-сыяпат иеленді.

«СБ» ақпарат

Әлеуметтік сала қызметкерлері спорттық сайыста бақ сынады

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<