Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапарында алдымен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің ашылу рәсімінде болды. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.
– Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы 11 мектептің іргетасы қаланады. Оның бірі Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылында бой көтерсе, жақын күндері Әйтеке би кентінде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аптада Жаңақорған кентінде 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» бой көтереді. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады.
Талай текті тұлғалардың кіндік қаны тамған Қазалы ауданының өңір тарихындағы орны ерекше. Есімдері алты Алашқа белгілі Жанқожа батыр, күллі Шығыс жастарына жетекшілік еткен Ғани Мұратбаев, жезтаңдай әншілер Роза Бағланова және Мәдина Ералиевадай даңқты дарындардан кенде емес. Алдағы уақытта осы білім ошағынан жерлес аға-әпкелеріндей білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов қазалылықтарды жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, сала ардагері Серік Қуанышбай бата берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар кент тұрғындары марапатталды.
Іс-шара соңында қонақтар мектеп ғимаратындағы асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана жұмысымен танысып, математика, тарих кабинеттерін аралап көрді.
Мәдениет үйі ашылды
Қазалыда ел игілігіне табысталған тағы бір жаңа нысан – 600 орындық мәдениет үйі. Салтанатты сәтте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды құттықтады.
– Қазалы ауданы – қазақ өнері мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары дүниеге келген, сабақтастықтың алтын тіні үзілмеген, ел-халықтың ықыласына бөленген таланттарға бай өлке. Осы жылы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылады. Бүгін Қазалыда 250 орындық жаңа мектепті пайдалануға бердік. «Кәукей» ауылында 100 орындық ауылдық клуб салынуда. «Майдакөл» ауылында да жақын күндері клуб құрылысы басталады. Бекарыстан би, «Қожабақы» ауылдары мен Әйтеке би кентінде спорт кешені бой көтереді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған 22 тұрғын үй табысталады. Өзге де ауқымды жоспарларымыз бар, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев тілектестік білдірді. «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов бата берді.
Сондай-ақ өңірдегі қоғамдық бастамаларға үн қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұрғындар, өнерпаздар мен спортшыларға құрмет көрсетілді.
Іс-шараға қатысушылар жаңа ғимаратты аралап, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 150 орындық төрт клуб жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады.
Биылға да өңірдің мәдениет пен спорт саласында ауқымды жобалар жоспарланған. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы нысандар ел игілігіне табысталады. Жақын арада «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы басталмақ. Биыл облыс бойынша 4,8 млрд теңгеге 6 спорт кешені мен 4 ауылдық клуб құрылысы қолға алынады. Құны 3 млрд 700 млн теңгені құрайтын 1000 орындық «Өнер орталығы» жақын күндері ашылады.
Сондай-ақ жуырда барлық аудандарда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылысы басталмақ. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында Қызылорда қаласында «Шығармашылық академиясы» салынады.
Майдангерге 3 бөлмелі пәтер табысталды
Облыс әкімі жұмыс сапарында Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновтің үйіне барып, ақсақалдың хал-жағдайын білді.
Аймақ басшысы Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевпен бірге абыз ақсақалды 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан 3 бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Жаңа баспана Қазалы ауданында салынған екі пәтерлі үйлерден берілді.
Майдангер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтты. Ел азаматтарына ақ батасын берді.
Ғасыр жасаған қарт 1924 жылы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1942 жылы майданға алынып, 291-атқыштар полкі құрамына жіберілген. Беларусьті, Польшаны, Чехословакияны, Калининград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Бас қолбасшының «Алғыс хатын» алып, «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Елмен кездесу еңбекті ширатады
Сапар барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және «Басықара» ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары да қатысты.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Мұндай кездесулерде мәселелер ашық талқыға салынып, алдағы бағыт белгіленеді, осыған сай жұмыс жүйесі құрылады. Халықтың әлеуметтік түйткілдер туралы ұсыныстары, талап-тілектері ескеріледі. Азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары осындай іс-әрекеттерден бастау алады.
Аймақ басшысы кездесуде өткен жылдың қорытындылары, жетістіктері, туралы қысқаша баяндады, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Өткен жылы атқарылған жұмыс аз емес, жаңа басталған жылға арналған жоспарымыз былтырғыдан да ауқымды. Бастамаларымызды әрі қарай жалғастырып, соңына дейін жеткізу, жаңа жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы арнайы жұмыс сапары кезінде өңірде атқарылған жұмыстармен танысып, оң бағасын бергенін білесіздер. Сол сапарда Президент облыстың инфрақұрылымын дамытуға қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Сол шешімдердің игілігін халық көруі үшін қыруар тірлік атқарылуы тиіс.
Аймақта экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Өңірлер арасында тамыз айынан бері үздіктер қатарында – алғашқы үштіктеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраса, облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Жыл соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджетті 700 млрд теңгеден асырамыз. Бұған резервтеріміз бар. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып, республика бойынша алдыңғы қатардамыз. 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. Биыл 110 құрылыс нысанын салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейеді. Бұл қаржы өңірдің сан саласындағы мәселелерді шешуге бағытталмақ, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Дәуіт тілектестік білдірді. Сондай-ақ ардагерлер мен бірқатар ауыл азаматтары марапатталды.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын тарту басталады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында көпбейінді орталық ауруханаға қосымша ғимарат салынбақ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<