Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері талқыланды

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері талқыланған мәжіліс өтті.

Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Спорт және туризм вице-министрі Бауыржан Рапиков, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысты Мәжілісте алдымен жоғары білім мен ғылым мәселелері талқыланды. Бұл ретте қатысушылар саланың өңірдегі әлеуетін жан-жақты саралады. Облыста үш жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 20 мыңға жуық студент білім алуда. Кейінгі үш жылда студенттер саны 21 %-дан астам артқан. Бұл – жастар арасында жоғары білімге деген тұрақты сұраныс бар екенін айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Салаға жауапты министр еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша басым бағыттарды атап өтті.

Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер де талқыланды. Ведомствоның мәліметінше, өңірде ал­ғашқы медициналық-санитариялық көмектің инфра­құрылымын және аудандық ауруханаларды дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл бағытта жаңа нысандар салу, диагностикалық базаны жаңарту шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Аймақ басшысы әлеуметтік саладағы жұмыс­тарға, бастамаларға, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерге тоқталды.

– Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен ха­лық­тың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқым­ды жұмыстар атқарылуда. Негізгі макро­эко­номикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалып­тасты. Облыс бюджеті 2021 жылдан бері 234 па­йызға өсті. Әлеуметтік салаға басымдық беріліп, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып келеді.

Президентіміздің бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөніндегі тапсырмасына сәйкес нақты шаралар қабылдануда. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұм­салуына жүргізілген талдау, бақылау шараларының нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделді.

Жалпы 2022 жылдан бері өңірімізде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. Президент бастамасымен құрылған «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыс­тамыз. Өңіріміздің әлеуметтік саласын дамытуға 2022-2025 жылдары 12 млрд 852 млн теңге қаржы қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмалары мерзімінде әрі сапалы жүзеге асырылып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң серпін берді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мәжілісте Аида Ғалымқызы, Саясат Нұрбек, Тимур Сламжанұлы, Асқарбек Маратұлы, Шынар Қуа­нышқызы, Бауыржан Серікбайұлы, Айзада Аман­гелдіқызы өз пікірлерін білдірді. Шешімін қажет ететін мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет баяндама жасады.

Қорытындылай келе, Аида Балаева өңірдің негізгі даму бағыттары бойынша жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Кадр даярлау ісін эконо­миканың нақты сұранысымен үйлестіру, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы идеологиялық және тәрбиелік жұмысты бастауыш сыныптан бастап үнемі бақылауда ұстау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту міндеті қойылды.

Сонымен қатар МӘМС жүйесінде сақтан­дырыл­маған азаматтармен жұмысты күшейту, алдын алу шаралары мен скринингті жандандыру, емханалардағы қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.