Әлеуметтік саланың әлеуеті

627

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және өзге де бірнеше сала бойынша 10 айда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында атқарылуда. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету болса, күтілетін нәтижесі – 2025 жылға азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 71 жастан 75 жасқа дейін көтеру. Оған қоса көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану деңгейін 53,3%-дан 80%-ға дейін арттыру.

– Қазір облыс халқына 2860 дәрігер және 2785 басқа да маман қызмет көрсетеді. Өңірде тапшы мамандарды даярлау ісі жалғастырылуда. Осы жылға арнайы 24 грант бөлінді. Биыл 575 дәрігер, 738 орта буын қызметкерінің білімін жетілдіруге 88 млн теңге қаралды.

Одан бөлек 2020 жылдан бері жас мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатында 20 маманға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 АЕК көлемінде бірмезеттік қайтарымсыз көтермеақы берілуде.

1 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 817 600 тұрғын тіркелген, – деді Мейрамбек Шермағанбет.

Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын Қан орталығының құрылысы жүргізілуде, 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жасалып, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3,7 млрд теңге қаралған.

Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 43055 жұмыс орны ашылған.

– Ұлттық жобалар шеңберінде 2892 адам жұмысқа орналастырылды. 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 10882 адам жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 1529 адам 400 АЕК яғни 1380 мың теңгеден қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға қол жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиемен 492 жас кәсіпкер 2 млрд 285 млн теңгеге қаржыландырылып, өз кәсіптерін бастап кетті.

Үшінші тоқсан қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызды құрады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы білім саласының бюджеті 278 млрд теңгені құраса, оның 245 млрд теңгесі білім басқармасына, 33 млрд 100 млн теңге – білім нысандарының құрылысына бөлінген қаржы.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда. 8258 тәрбиеленушінің тегін тамағына қажетті 1,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 6160 педагог жұмыс істейді. 1 қыркүйектен бастап 6160 балабақша тәрбиешісінің жалақысы 30%-ға көбейді. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап 1-4 сыныптарда оқитын 70173 және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 5-11 сыныптардағы 16777 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<