Әлеуметтік саланың әлеуеті арта түсті

361

0

биыл Сыр өңірінің әлеуметтік саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп, ел игілігіне айналды. Осындай орайлы істер алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары  Нұрымбет Сақтағанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Мемлекет басшысының қолдауымен биыл елімізде «Балалар жылы» лайықты деңгейде аталып өтті. Атаулы жыл аясында өңірде 12 әлеуметтік нысан салынды. Олардың қатарында 6 мектеп, 2 қосымша білім беру орталығы, балабақша, Оқушылар үйі және өнер мектебі бар.

– Сондай-ақ, Арал ауданаралық ауруханасы базасында 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 2-14 жас аралығындағы балалар үшін оңалту, Қызылорда қаласында аутизм, №261 орта мектебі жанынан инклюзивті білім берудің ресурстық орталықтары ашылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 4 мектеп есігін айқара ашты. Алдағы уақытта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтереді. Айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 мыңнан астам балаға арналған 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 4 апатты мектеп мәселесі шешімін табады. Осындай тағы бір мектептің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал, 2-6 жас аралығындағы өрендерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісін ұлғайту үшін 2025 жылға дейін 64 балабақшаны (10547 орын) пайдалануға беру жоспарда бар, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Облыста халықты әлеуметтік қорғау бағытында да оң істер жүзеге асты. Биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша аз қамтамасыз етілген 15662 отбасына 4459,5 млн теңге әлеуметтік көмек төленген. Ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 5 млрд теңге қаралды.

Кейінгі жылдары мәдениет және спорт салаларын дамыту, тұрғындардың қолжетімділігін арттыру үшін маңызды жобалар жүзеге асты. Өңірде 17 мәдениет және спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында 6 ауылдық клуб, 11 спорт кешені бар. Жыл көлемінде облыс бойынша халық шығармашылығын дамыту, жас таланттарды табу, өнерпаздарға қолдау, өнерін дамыту үшін 72 (14 республикалық, 2 аймақтық, 56 облыстық) байқау-фестиваль, мүшәйра мен ақындар айтысы ұйымдастырылды.

– Сыр өңірінің спортшылары биыл да жоғары жетістігімен көпшілікті қуантты. Жыл басынан бері облыста 5 халықаралық турнир, 15 Қазақстан чемпионаты мен кубогы (тоғызқұмалақ, құсбегілік, конькимен мәнерлеп сырғанау, волейбол, топтық эстетикалық гимнастика, велоспорт, грек-рим, еркін және әйелдер күресі, ауыр атлетика, футбол, дзюдо, белбеу күресі, шахмат, каратэ, арбадағы би), 34 республикалық және 132  облыс біріншілігі мен турнирлер ұйымдастырылды. Оған 28129 спортшы қатыстырылды. Облыс спортшылары Қазақстан чемпионаты мен кубоктерінде 1078 (326 алтын, 290 күміс, 462 қола) медаль жеңіп алды. Ал әлем, Азия чемпионаты мен кубогінен барлығы 209 медальға қол жеткізді.  Әлемдік деңгейдегі чемпионаттан қызылордалық жастар ересектер арасында 10 спорт түрінен 15 медаль алды. Бұл бойынша біздің облыс елімізде екінші орында тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 Денсаулық сақтау саласы бойынша биыл Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана құрылысы аяқталды. Оған қоса медициналық ғимараты жоқ Арал ауданы Тастүбек, Қазалы ауданы Жұбан секілді шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет наурыз айында ел игілігіне берілді. Көптеген емдеу орындары медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылды.

Биыл шаһардың сол жағалауында орналасқан Қызылорда қаласының тарихы музейі ғимаратынан облыс әкімінің қолдауымен Үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы ашылды. Өңірде азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін облыстық Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы жұмыс жасайды. Оған 77 үкіметтік емес ұйым мүшелікке қабылданған.

– Жыл басында «NEET санатындағы жастарды анықтау және оларды әлеуметтендіруге бағытталған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді. Жоспар аясында қала, аудандарда адрестік жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде 98 мыңнан астам жастың өңірлік деректер қоры жасақталды, – деді Н.Сақтағанов.

Былтыр 68 жас инновациялық жобаларын жүзеге асыру үшін 247 млн теңге грант алса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ауылдық округ жастарын еңбекке баулу мақсатында «Жастар еңбек бригадалары» жобасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда Сырдария ауданында құрылған «Жастар еңбек бригадаларының» саны 6-ға жетті. Олар ауылдағы инвесторлардың қолдауымен егін егіп, құрылыс заттарын дайындау бағытында жұмыс істеп жатыр.

Әлеуметтік салада көптеген ғимараттар бой көтеріп келеді. Қазір қан орталығы, Неке сарайы, Өнер сарайының құрылысы басталды. Алдағы жылы Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана және онкологиялық бөлімшемен қамтылған 300 төсектік көпбейінді аурухана бой көтереді. Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарлануда.

Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» аясында 80 балалар алаңы салынды. Олардың 50-і қалада болса, 30-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Оған қоса аймақ тұрғындары үшін «Еңбекшілер аллеясы», «Демалыс саябағы» салынады. Ал Қызылорда қаласында «Аналар үйі» құрылысы басталды. 2023 жылы сол жағалауда Оқушылар сарайы, жаңа орталық стадион құрылысы жоспарлануда.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов журналистер тарапынан қойылған өзге сауалдар бойынша толыққанды жауап берді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<