Әлеуметтік саланың әлеуеті – қоғам айнасы

690

0

ҚР Премьер-министрінің орынбасары  Тамара Дүйсенова,  облыс  әкімі  Нұрлыбек  Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы театрда, «Оқушылар сарайында», С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті.

Басқосулар салалық министрлік өкілдерінің, облыстық білім басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдері, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар басшыларының, мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорларының қатысуымен өтті. Сондай-ақ жиынға басқа өңірлерден келген білім саласының басшылары да қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәжілісті жүргізіп, атқарылған жұмыстар туралы айтты.

– Бүгін білім мен тәрбиеге қатысты еліміздегі жаңа бастамаларды, тың жобаларды талқылауға бас қостық. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен аймақта жаңа білім нысандары көптеп салынып, ел игілігіне берілуде.

«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика мектеп-интернаты, «Шығармашылық-инновациялық орталық», «Саутс-Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.

Қазан айында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы алғашқы 900 орындық мектепті табыстадық. Қазіргі таңда тағы 9 мектептің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 4 мектеп іске қосылады.

«Адал адам. Адал еңбек. Адал қоғам» қағидаты негізінде еңбек адамын құрметтеу, жастарымыздың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығын арттыру, сапалы және қолжетімді, заманауи техникалық, кәсіптік білім беру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Өңірдегі 28 колледж 97 мамандық пен 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлайды,– деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде Тамара Дүйсенова әлеуметтік саладағы ауқымды жобаларға тоқталып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, алдағы жұмыстар бағытын айқындады.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі тәрбие және оқыту департаментінің директоры Манара Адамова, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов, «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Айта кету керек, биылдан бастап Тараз, Түркістан және Шымкент қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Облыстағы 12 шағын жинақты білім ошағын «Тірек мектептер» жобасына енгізу үшін 3 мектеп бекітілді. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қорының «Білім беруді тұрақты дамыту» қорымен бірлесіп, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде 2022-2024 жылдары 6 мектеп 1,5 млрд теңгеге қайта жабдықталды. Алдағы жылға 2 мектепке сұраныс берілді. Қазір атқаратын жұмыстар жүйеленуде.

***

Спорт мекемелерінің басшыларымен кездесуде аймақ басшысы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға, алда жүзеге асырылатын жобалар мен қолға алынған бастамаларға тоқталды.

– Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде «Бұқаралық спортқа және балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Себебі, бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деп атап өтті. Бапкерлер құрамын күшейтуге, алда өтетін халықаралық спорт додаларына дайындықты пысықтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Сыр өңірінде Туризм және спорт министрлігімен үйлесімді жұмыс, ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Аймақта 1490 спорт нысаны бар. Тұрғындардың спорт нысандарымен қамтылу көрсеткіші 44 пайыз, 328 597 адам денешынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданады. Облыстағы 22 спорт мектебінде 640 жаттықтырушы-оқытушы 22 266 баланы жаттықтырады. Биыл Сыр спортшылары Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 120 медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 808 медальға қол жеткізді, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірде Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жаңа спорт кешендері көптеп ашылуда. Өткен жылы 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның 9-ы қолданысқа берілді. Биылға өтпелі болған 4 нысанның құрылысы аяқталды. Жақын күндері ел игілігіне беріледі.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесіп 3,4 млрд теңгеге заманауи үлгідегі «Үстел теннисі орталығы» салынды. Аудандарда 4,7 млрд теңгеге 10 спорт кешені, Қызылорда қаласында халықаралық стандарт талаптарына жауап беретін 11 мың орындық «Орталық стадион» бой көтеріп келеді.

***

Осындай кездесу облыстық көпбейінді ауруханада да өтті.

Медицина қызметкерлерімен кездесуде аймақ басшысы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең бірінші «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыстың медицина саласына 146 млрд 200 млн теңге қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен 11 айдың қорытындысымен негізгі көрсеткіштерде оң динамика қалыптасты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 27 медициналық нысан салу жоспарланып, өткен жылы 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Қалған 11 нысанның құрылысы жақын күндері аяқталып, іске қосылады, – деді Н.Нәлібаев.

Мәжілісте Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жобаларға тоқталып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов сөз алып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

Айта кету керек, өңірімізде 4 млрд 500 млн теңгеге төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған. Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше, Шиелі көпбейінді ауруханасының қосымша құрылысы басталды. Қалған қосымша құрылыстар келесі жылы бой көтереді.

Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде. Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға, Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады.

Ана мен бала өмірін қорғау басты назарда. Жыл басында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, перинаталдық бөлім ашылды. Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Жақын күндері осындай орталық Арал ауданында ашылады.

Соңғы екі жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 санитарлық автокөлік табысталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі