Өткен жылы пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына сындарлы сәт туды. Күн сайынғы динамиканы бақылау бір бөлек, вирусқа шалдыққан азаматтарды емдейтін төсек-орын табу өте өзекті-тұғын. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 төсек-орын әзірленді. Шұғыл шараларды қабылдаудың нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған модульдық жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысын бастады. Осы және әлеуметтік салаға қатысты кейінгі жылдардағы өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Балжан Шәменова кеңірек тоқталды. Сондай-ақ бұл Балжан Мөрәліқызының басқа қызметке ауысуы алдындағы БАҚ өкілдерімен есепті кездесуі болды.
Негізгі мамандығым қаржыгер болғандықтан, бюджетті жоспарлау және оның тиімді жұмсалуына ерекше мән бердім, – деді ол баспасөз мәслихатында. – Әсіресе, ауруханаларға қажетті құрал-жабдық сатып алуға көңіл бөлдік. Жасыратыны жоқ, аймақта дәрігерлердің тапшылығы бар. Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауруханалардың бас дәрігерлеріне өз бюджетінің есебінен пәтер жалдау төлемдерін қамтамасыз етіп, аймақта сұранысқа ие арнайы дәрігер мамандарды шақырдық. Бұл өте өзекті қадам болды. Тағы бір маңызды мәселе – ана мен бала өлімі көрсеткішінің өсуіне жол бермедік деп санаймын. Өткен жылы аймағымызда 10 бала өлімі орын алса, оның 3-еуі – коронавирус салдарынан болған. Биыл ана мен бала өлімі жағдайлары тіркелген жоқ. Сонымен бірге ауруларды ерте анықтау және алдын алу мақсатында скрининг зерттеулерді кеңінен жүргізуге, оның ішінде есту қабілетінің нашарлауын және өзге де патологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында жүйелі түрде жұмыстар кешенін жүргіздік.
Балжан Мөрәліқызы білім беру саласында қолға алынған жұмыстан да хабардар етті. Айталық, 2021 жылы 77 жас түлек Ресей Федерациясының техникалық жоғары оқу орындарын бітіріп келсе, оның ішінде 45-і (58%) тұрақты және уақытша жұмыстармен қамтылған, ал 20-сы (26%) оқуын әрі қарай жалғастыруда (аспирантура), 8 адам облыста ұсынылған жұмыстардан түрлі себептермен бас тартқан.
Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілген гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 2019-2021 жылдарда 239 грант алушы қаржыны мақсатсыз алғандығы анықталып, мемлекет қаржысын бюджетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 18 инфрақұрылымдық жобаға 3,7 млрд теңге бөлініп, жұмыс жасалған. 17 жоба бойынша 693 адам жұмыспен қамтылып, міндетті зейнетақы жарнасы (97 процентіне) толығымен аударылған. Биылғы жылы іске қосылған 7 нысанда 16 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Оған қоса, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қосымша 7,6 млрд теңге қаржы бөлінді.
– Өткен жыл – білім саласы үшін де тәуекелдерге қарсы тұруға жол ашқан жыл болды. Мектепке дейінгі және орта білім деңгейінде жан басына шаққан қаржыландыру (подушевое финансирование) жүйесіне ауысты. Әсіресе, жеке балабақшыларды қаржыландыру мәселесі өте өзекті еді. Бірақ біз ол қиындықтарға қарамастан жан басына қаржыландыру тәртібін сәтті жүзеге асырдық. Былтыр облыстағы барлық білім беру ұйымдарының вертикалды басқару жүйесіне көшіп, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, білім саласындағы индикаторларға қолжеткізу шараларын қабылдауда нақты жұмыстар ұйымдастырылды. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздарға қолдау шараларын кешенді түрде жүргіздік. Айлық жалақысының артуына, жас ұстаздардың көптеп келуіне мүмкіндік берген жыл болды. Ұстаздарды қаржылай қолдау және үздік білім мекемелеріне сыйақы қаржысын көбейттік. Бұрын үздік мектеп 17 миллион теңге алса, өткен жылы екі есеге ұлғайтып, 34 миллион теңгенің сертификатын ұсындық. «Жастар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жабдықтау бойынша «Жас маман» жобасы іске асты. Жобаға қатысушы 9 колледждің кадрлар даярлау бағыттары бойынша шеберхана мен зертханалардың заманауи құралдармен жабдықталып, құзыреттілік орталықтары ашылды, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында «Жастар жылы», мемлекеттік-жекешелік әріптестік және әлеуметтік салаға қатысты жүзеге асқан өзге де жұмыстар сөз болды. Қорытындысында Балжан Шәменова БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта басқа қызметке ауысатыны туралы айтты.
– Мен қай кезде де Сыр елінің дамуына бар күш-жігерімді салып, жинаған тәжірибемді арнап, әріптестерімді қолдауға дайынмын, – деді Балжан Мөрәліқызы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<