Елімізде әр жылдың басында әлеуметтік төлемдерге қатысты өзгеріс болады. Бұған ел үйренісіп кетті. Көпшілік зейнетақы мен жәрдемақының өсетінін алдын ала біліп отырады. Айта кетейік, қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 3932 теңге болып бекітілді. Соған сәйкес өзге де төлемдер мөлшері көбеймек. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейі 46228, ең төменгі жалақы 85000, ең төменгі зейнетақы 62771, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 32360 теңге мөлшерінде белгіленді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері 8,5 %-ға артады. Сонымен қатар жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 203060 теңгеден 216260 теңгеге (55 АЕК) көбейтіледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Бұл жаңадан тағайындалған зейнеткерлерге және алдағы жылдың қаңтар айына дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет» екені айтылған. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтуда. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзаруы көп ананы қуантқаны рас. Ол келер жылы да жалғасын таппақ.
«Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Биыл әр баланың шотына 100 доллардан емес, 118-120 АҚШ доллары аударылады деп жоспарлануда.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де артады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) және бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын адамға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көбейеді. Келер жылдан бастап бұл жәрдемақылардың мөлшері 74428 теңгені құрайды.
Жыл сайын жәрдемақы төлемдері де артып келеді. Айталық, бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері (38 АЕК) өткен жылы 140296 теңгені құраса, келер жылдан бастап 149416 теңге болады. Ал төрт және одан да көп бала туғанда (63 АЕК) 232596 теңгеден 247716 теңгеге немесе 15120 теңгеге артады. Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері жаңа жылдан бастап бірінші балаға 22649 теңге, екінші балаға 26777 теңге, үшінші балаға 30867 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 34995 теңгені құрайды. Сол сияқты АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы барларға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көбейеді. Бұл жәрдемақылардың мөлшері бала санына қарай сараланып ұлғайтылады. Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыларға 63030 теңге, 5 балаға 78798 теңге, 6 балаға 94565 теңге, 7 балаға 110332 теңге, 8 балаға 125824 теңге, 9 балаға 141552 теңге, 10 балаға 157280 теңге және одан әрі жәрдемақы мөлшері бала санына қарай өзгереді.
Жаңа жылдан бастап «Күміс алқамен» марапатталған аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысының мөлшері 25165 теңгені, ал «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 29097 теңгені құрайды.
Жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақының мөлшері 137620 теңге.
Сонымен қатар, АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің мөлшері артады. Облыс бойынша 269,5 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушының (оның ішінде зейнетақы алушылардың саны – 82,2 мың адам) төлем мөлшерін қайта есептеу автоматты түрде жүргізіліп, ол қаңтардан бастап төленеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<