Әлеуметтік жауапкершілікке жеңіл қарауға болмайды

431

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесіп, Қызылорда облысында жүзеге асырылатын жобаларды талқылады.

Аймақ басшысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты 4 еншілес кәсіпорын («Байкен-U», «Хорасан-U», «Семізбай-U», «РУ-6» серіктестіктері) аймақтың тіркеліп, 1800-ден астам адамды жұмыспен қамтып, әлеуметтік -экономикалық дамуына үлес қосып отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар көтерілді.

«Samruk-Kazyna Trust» КҚ қайырымдылық қызметі шеңберінде Қызылорда облысында 2017-2023 жылдары 1,1 млрд теңгеден астам сомаға көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылды.

Бұдан басқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары 2021-2023 жылдары Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға 150 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлді.

Алайда Қызылорда облысында жалпы еліміздегі уранның шамамен 20%-ы өндіріледі. Аймақтағы уран өндіруші компаниялардың «Самұрық Қазына» қорына жыл сайын төлейтін дивидендтері шамамен 44 млрд теңгені құрайды. Сондықтан облыс әкімі әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды ұсынды.

Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында облыста қаржыландыруды қажет ететін бірқатар әлеуметтік жобалар бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұнай өндіру компаниялары соңғы 10 жылда 15,7 млрд теңгесін қайырымдылыққа жұмсаған. Ауыл шаруашылығымен айналысатын  «Абзал и К»  компаниясы Н.Ілиясов ауылында жыл сайын әлеуметтік нысандар салады. Осыны ескеріп, уран өндіруші компанияларға да облыстың әлеуметтік маңызы бар объектілер құрылысын қаржыландыруды ұсынамыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі Шиелі ауданы «Еңбекші» ауылдық округіне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы көпір салу, 2015 жылдан бері «КАП логистикс» серіктестігіне 10 жылға өтеусіз пайдалануға берілген «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының «Еңбекші» ауылына дейінгі 4,5 шақырымын күрделі жөндеу қажеттігіне тоқталды. Қуаттылығы жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өңдейтін «СКЗ-U» зауытын кеңейту немесе жаңа зауытты Қызылорда облысына салу мүмкіндігін қарастыру туралы айтты. Мұнан бөлек, Нұрлыбек Машбекұлы іске қосылған «Байкен-U» серіктестігін толық қуаттылықпен жұмыс істеуге көшіруді ұсынды.

Өз кезегінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының басшысы аталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

Кейінгі 3 жылда (2021-2023 жж.) әлеуметтік-экономикалық дамуға, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары Қызылорда облысының бюджетіне 1 234 млн теңге, оның ішінде 2023 жылы  541 млн теңге көлемінде қаржы аударғанын атап өтті.

Нәтижесінде тараптар бірлесіп жұмыс жасауға сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<