Тереңөзек кентінің мәдениет үйінде Сырдария аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында «Алғыр Ой» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің ұйымдастыруымен семинар өтті. Онда мамандар темір тордан босаған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын түсіндірді. Дін саласындағы өзекті мәселелер де сөз болды.
Кездесудің негізгі мақсаты есепте тұрған сотталғандарды қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру, қайта қылмыстың алдын алу, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, дұрыс бағытта дін ұстанымын насихаттау. Аталған шараға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудан прокурорының прокуроры Ж.Сиха, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлім басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы М.Сейлханов қатысты. Семинар барысында құқық қорғау өкілдерімен қайта қылмыстың алдын-алу мақсатында қатысушыларға құқықтық түсіндірмелер беріліп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Жиын соңында «Жастар денсаулық орталығы» мамандарының қатысуымен «Күйзелістің алдын алу» тақырыбында психологиялық тренинг өткізіліп, психологиялық кеңестер берілді.
«Бүгінгі сала мамандарымен кездесуден көкейімде жүрген сұрағымды қойып, тұщымды жауап алдым. Бізді сотталған деп қоғамнан шеттепей, қол ұшын беріп, жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастырып, әлеуметтік- құқықтық көмек алуына жәрдем көрсетеді. Қазір жеке кәсіп ашсам деп дайындық жасап жатырмын. «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері, оны алудың жолдарын түсіндірген, осы кездесуді ұйымдастырған мамандарға алғысым шексіз»,- деді есептегі азамат.
А.Сақыбеков
Сырдария аудандық ПҚ-нің
Аға инспекторыӘділет капитаны





