Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға басымдық берілген. Халықтың өсіп-өркендеуі мен тұрмыс деңгейінің жақсаруы үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажет. Президент тапсырмасымен Сыр өңіріне келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша актив отырысын өткізді. Онда облыс әкімі аймақта халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған жұмыстарды баяндады.
Биыл облыста 28 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 13,6 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы 11 айдың қорытындысымен артығымен орындалып отыр. Ұлттық жобалар шеңберінде 136 жоба аясында мыңнан аса жұмыс орны құрылып, олардағы жұмыспен қамтылған азаматтарға зейнетақы аударымдары 67,3 пайызды құрады. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады деп күтілуде. Осы көрсеткіштерді атап өткен облыс басшысы және бірқатар деректермен толықтырды.
– Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Облыста әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы 52 ірі және орта кәсіпорындармен меморандумға қол қойылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 8 мыңнан аса жұмысшының жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға ерекше мән берілуде. Оның ішінде әлеуметтік оңалту шаралары 11 айдың қорытындысымен 92,5 пайызға орындалды. Жоспарымыз 90 пайыз болатын, – деді облыс басшысы.
Жиында министр әлеуметтік саладағы жаңа реформалар мен өзгерістерді айтып берді. Оның ішінде келер жылы жүзеге асатын Әлеуметтік кодекс жайлы кеңінен мәлімет берді. Бұл кодекс барлық адамға қатысты. Бұрынғы әлеуметтік саладағы 18 заң бір жерге жинақталып, топтастырылған.
– Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Онда азаматтардың дүниеге келуінен бастап зейнетке шығатын уақыт аралығындағы әлеуметтік тәуекелдердің барлығы қамтылған. Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы отбасының әлеуметтік картасы жайлы айтып келеді. Отбасының цифрлық картасында мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды.
Мәселен, сіз туралы және сіздің балаңыз нешеу, табысыңыздың қаншалықты екені, баспанаңыздың, несиеңіздің бар-жоғы деген секілді ақпараттың барлығы осы картада көрсетіледі. Қазақстандық 6,3 млн отбасының жағдайын 5 категорияға қарай топтастырдық. Олар: әл-ауқаты жақсы, қанағаттандыратын, әл-ауқаты төмен, дағдарыстағы, мүшкіл. Қазақстан бойынша халықтың әл-ауқат көрсеткіші 49,5 пайыз болып шықты. Ал облыста 231 мың 555 отбасы бар. Ендігі жерде халықтың әл-ауқат, өзге де көрсеткішіне сай нақты мәліметтер жинақталуы тиіс, – деді министр.
Расында азаматтар туралы ақпараттардың жаңартылмауы кейін үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Мәселен, кейбір адамдар көрсеткен мекен-жайдан көшіп кеткен. Бірақ қағаз жүзінде әлі сол жерде тұр. Тіпті өмірден өткен адамның да кірісі көрсетілген ақпараттар кездеседі. Елден шығып кеткен азаматтар жайлы базада әлі де сақталып тұрған мәліметтер бар. Бұл жайлы ақпаратты полиция департаментіндегі көші-қон қызметі елден кім кетті, келді деген ақпаратты жаңалап отырғаны жөн. Екінші мәселе АХАТ бөлімдеріне қатысты жағдай. Айталық 18 жастан асып кеткен немесе 2008 жылға дейінгі балалары қосылмай қалған деректер өте көп. Отбасының цифрлық картасы әзірленгеннен кейін, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір азаматқа осы жағдайға байланысты хабарлама жіберіледі. Демек, мемлекеттен берілетін көмекті қажет ететіндер енді тікелей министрліктің өзінен SMS хабарлама арқылы алатын болады. Өйткені мемлекеттен берілетін қандай көмектің түрі барын білмейтіндер көп. Сондықтан да әр облыс тұрғыны жайлы ақпарат дұрыс болу керек. Барлық мемлекеттік орган, ауыл әкімдері өздеріндегі базаны жаңартқаны абзал. Бұрынғыдай өздері келіп арыз жазса береміз, ал сұрамаса бермейміз деген заманның өткенін министр ашық айтты. Сонымен қатар балалы отбасыларды қолдау жолға қойылмақ. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50%-ы әрбір 18 жасқа дейінгі баланың есепшотына түсетін болады. Оның механизмдері жасалуда. Бұл 18 жасқа толмаған балалары бар адамдардың барлығына бірдей қарастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да оны алушылар арасында көңіл толмаушылық бар. Кейбіреулер берген тауарға қатысты шағым түсіреді. Сондықтан көпшіліктің ұсынысы ескеріліп, 1,5 АЕК ретінде қаржылай берілетін болды. Жан басына шаққандағы атаулы әлеуметтік көмектен бөлек бұрынғы азық-түлік пен шаруашылық заттарының ақшасын қоса алады. Облысқа мұндай әлеуметтік пакетке 3 жылға 12 млрд теңге қаржы беріледі. Келер жылдан бастап АӘК-ке жан басына берілетін сома 9 мың теңгеге өседі. Атаулы көмек алатын отбасындағы әр балаға 16 мың теңгеден қарастырылып отыр.
Министр мүмкіндігі шектеулі азаматтардың хал-жағдайын да сараптап өтті. Мұндай жандар елде 705 мың. Бұл жалпы халықтың 3 пайызынан артып кеткен. Ал облыста 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 45 пайызы ауылда тұрады. Тамара Дүйсенова мүгедектік тағайындауда өте көп қаңқу сөздердің барын жасырмады. Әрине, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Адам факторы болған жерде бұндай жағдай орын алатын да болар. Бірақ енді мұндай жағдайға жол берілмейді. Мүгедектікке шығу тек дәрігердің тағайындауымен жүзеге асады. Денсаулық сақтау саласы мамандарына жауапкершілік екі есе артқалы тұр. Сонымен қатар жаңа жоба жүзеге асады. Енді әр ауылда, елді мекенде оларға арналған орталықтар ашамын дегендер үшін жан басына қаржыландыру болады. Демек, ауылдан қалаға қарай сабылудың қажеті болмайды. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерді арттырып, жұмыс көзін ашуға мүмкіндік берсе, екіншіден мүмкіндігі шектеулі баласы барлар үшін өз ауылында жақындарының жанында қалуға жақсы жағдай.
Кодекс жобасында мүмкіндігі шектеулі балалары немесе адамдары бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялау көзделгені де айтылды. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін тарту өте құптарлық жағдай. Мұнда отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Оған еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Бұл көп адамның күткен жақсы жаңалығы деуге болады. Әйтпесе мүмкіндігі шектеулі баласы барлар оған өмір бойы қарап, не жұмыс істей алмай, не зейнетке шыға алмайтын еді. Дәл осы тұсы тағдыр теперішін көріп жүргендердің жақындары үшін тиімді болып тұр.
Кодексте зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі де қамтылған. Келер жылы тек зейнетақыға облысқа 95 млрд теңге бөлініп отыр. Осы жерде айрықша айтар мәселе – 1998 жылдан 2028 жылға дейін зейнетке шығатындардың зейнетақысы төмен болғалы тұр.
– Себебі, жинақтаушы зейнетақы қорына жинайтын қаржылары аз. Екіншіден жұмыс өтілі кемуде. Көпшілік зейнет жасы 58-де қалғаны дұрыс еді деп шағымданды. Бұл бәлкім дұрыс та шығар. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Біз енді зейнетақыны мемлекеттен алмаймыз. Бұрынғы түсініктен арылған дұрыс. Мемлекет тек базалық зейнетақыны береді. Екінші 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс өтілі болса соған ғана береді. Ал одан өтілі кем болса, зейнетақы да кемиді. Қазір зейнет жасын 50-ге әкеліп қойсақ 24 мың теңге алады. Егер еңбек өтілі не еңбекақы жоқ болса мемлекет қалай зейнетақы береді? – деді министр.
Өткен жылы басталған «Күміс жас» пилоттық жобасы өз жемісін беріп келеді. Мұнда 50-60 жас аралығындағы жұмыссыз әйелдер қоғамдық негізде жұмысқа тартылып, оларға мемлекет ай сайын 100 мың теңге көлемінде айлық береді. Кейін зейнетке шыққан кезде сол 100 мың теңгенің есебінен зейнетақысы есептелінеді. Ендігі жылға пилоттық түрде облысқа 500 млн теңге қаражат беріледі. Бұл жастағы жұмыс істемейтін, ешқандай жұмыс өтілі жоқ әйелдер 14 мыңды құрайды. Биыл оның 3 мыңы ғана жұмысқа тартылған. Ендігі жылы жұмыссыз әйелдерді осы пилоттық жұмысқа көптеп тартатын болса берілетін қаражат та соғұрлым артатын болады. Бұл мәселе де назарға алуды қажет етеді.
– Облыстағы жұмыспен қамту динамикасы оң көрсеткішке ие. Республика көлемінде зейнетақы қоры 74 пайыз болса, облыс бойынша 77 пайызының зейнетақы жарнасы бар. Бірақ Ұлттық жоба аясында 4640 азамат жұмысқа тұрған болса, соның 55 пайызы ғана жарнасын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың халыққа 100 жұмыс орны ашылу керек деген тапсырмасы бар. Бұл жағынан облыстағы көрсеткіш алдыңғы орында тұр. Алайда бұл сандар қағаз жүзінде қалмау керек. Мемлекеттен бөлінетін қаржы мақсатсыз жұмсалмағаны жөн. Облыстың әлеуметтік саласын жақсартуға министрлік тарапынан алдағы үш жылға 500 млрд теңге бөлінбек. Бұл Мемлекет басшысының облыс халқына қолдауы деп түсініңіздер, – деді Тамара Дүйсенова.
Облыс активінен соң министр жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді. Онда жұмыс сапарының мақсатын айтып, келер жылы жүзеге асқалы отырған Әлеуметтік кодекс жайлы мәлімет келтірді. Кездесуде журналистер әлеуметтік салаға қатысты толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алды.
Мұнан кейін министрдің жұмыс сапары Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы мен Талсуат оңалту орталығында, сондай-ақ Шиелі ауданындағы балаларды оңалту орталығында жалғасты. Онда медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылармен кездесті. Министр Әлеуметтік кодекс жобасында мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздерінің ынтымақты қатысуына баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделіп отырғанын айтты. Айталық, өтініш берушіден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің проактивті форматына көшу көзделеді. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпестен, проактивті форматта АӘҚ көрсете отырып, қажеттіліктер карталары қалыптастырылатын және ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалатын болады.
– Сондай-ақ, әлеуметтік қызметке арнайы қызмет алушылардың отбасыларындағы жұмыссыз мүшелерін тарту жоспарлануда. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде тіркелу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдылары, қабілеті мен біліктілігінің болуы қажет, – деді Тамара Дүйсенова.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<