Әлмырзаның ән әлемі

1229

0

Сыр өңіріне, жалпы елге әнші-композитор Әлмырза Ноғайбаевтың есімі «Ақсақ киік» әнімен жақсы таныс. Сонау сексенінші жылдары ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған осы әнді оның орындауында тамсана тыңдағандардың қатары әлі бар. Шапқан аттай, атқан оқтай зырлаған уақыт емес пе, сол жас әнші бұл күндері 75 жасқа толу мерейтойын атап өтті.

Осыған орай Шиелі ауданындағы Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Әлмырза Ноғайбаевтың мерейтойына орай республикалық дәстүрлі әншілер фестивалі өз шымылдығын ашты.

Фестивальді аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров ашып беріп, Әлмырза Әліұлына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын табыстады. Кеш барысында мерейтой иесі мен осы шараға арнайы келген қонақ Хайдар Өтеғалиевке шапан жабылып, лайықты құрмет көрсетілді.

Республикалық дәстүрлі әншілер фестиваліне Қайрат Кәкімов  (Атырау облысы), Ақмарал Ерімбетова (Маңғыстау облысы), Фархат Оразов (Батыс Қазақстан облысы), Сая Есенгелдинова (Жетісу облысы) келіп, өнер мерекесінің мерейін көтерді. Өз өңірімізден Шолпан Биімбетова, Мұхтар Дәрібаев, Ақмарал Ноғайбаева, Сәбит Әбжаппаров, Бағдәулет  Қарғабаев, Зульфия   Баймурзаева, Нұртілек Ақтаев,  Мұхаммедәлі Бекпейісов, Ізбасқан Дәулетхан сынды таланттар думанды қыздыра түсті.

Сахна төріне көтерілген белгілі өнерпаз Қайрат Кәкімов:

– Өнер жолына 17 жасымнан бастап түстім. Ұстазым Ғарифолла Құрманғалиев атамыз болатын. Ал бүгінгі мерейтой иесі Әлекең – атақты ұстазымыздың алғашқы талантты шәкірті, – деді.

Дәстүрлі әншілер фестивалінде Әлмырзаның, өзге де композиторлардың әндері шырқалды. Мерейтой иесі де ән шашуымен, жиылған қауымның ыстық ықыласына, қошеметіне бөленді.

Халқымыздың інжу-маржаны халық әндерін әуелете шырқап,  әншілік дәстүрді дүйім елге дәріптеп жүрген сахна саңлағының халық әндеріне сырлы мәнер бере орындауы,  ән салудағы кейбір ырғақтары ешкімге ұқсамайды. Жанға жайлы, құлаққа жағымды қоңыр дауысында ән табиғатын терең танитын өнер иесінің сезімталдығы, жүрек лүпілі бар. Өнер құдыретін мойындаған  жұртшылық фестиваль қонақтарына зор құрмет көрсетті.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ,

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<