Әлжіков мектебі

1023

0

Ғұмырын терең зерделеген сайын ұлықтауға лайық, өмір жолы парасатқа толы, жасаған ісі үлгі тұтарлық тұлғалар болады. Солардың бірі – киелі Сыр топырағында өмірге келген сатира сайыпқыраны Сақтапберген Әлжіков. Оның балалық шағы өткен ғасырдағы алапат ашаршылыққа, жастық шағы елімізде жаппай орын алған қуғын-сүргінге тура келді. Осындай ауыр жылдары еңбекке ерте араласып, ер жетеді. Замандастарының айтуынша сыршыл қаламгер қай қызметінде де өз міндетін аса жауапкершілікпен атқарып, талмас қажыр көрсеткен.

Сара сөздің семсері атанған қаламгер есімі өзі білім алған мектепке берілгеніне 25 жылдан астам уақыт болды. 1998 жылы «Қызылжарма» ауылындағы №144 орта мектебіне Сақтапберген Әлжіков есімі беріліп, мектеп алдына ескерткіш-бюсті қойылды.

«Қызылжарма» ауылдық округі – бір ғасырдан астам тарихы бар қасиетті мекен. Осы мекенде тарихы әріден бастау алатын білім ордасы орналасқан. 90 жылдан астам тарихы бар Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің іргетасы 1920 жылдардың аяғында «Ақ школ» деген атпен қаланған еді. 1950 жылдарға дейін бастауыш мектеп, 1989 жылдан бастап 11 жылдық болып өзгерген білімнің қасиетті қарашаңырағы талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, ұядан ұшырды. Қаншама шәкірттеріне ақ жол тілеп, қияға қанат қақтырған білім ошағында елімізге белгілі тұлғалар білім алды. Солардың көшін Сақтапберген Әлжіковтің өзі бастап тұр. Одан бөлек мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің арасында облыс, республика көлемінде танымал, еліміздің экономикасын дамытып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосқан, әлі де еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес.

Өмірі өнегеге толы, ісі өзінен кейінгі ұрпақтарға үлгі болған, талантты жастарға ұстаздық еткен, Сыр өңірінен шыққан жас әдебиетшілерге қамқорлық жасап, қолдау танытқан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сақтапберген Әлжіков есімі ел жадында мәңгілік қалмақ.

Жұмагүл СЕЙДАХМЕТОВА,

С.Әлжіков атындағы

№144 орта мектеп директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<