Ән-ғұмырдың жалғасы

153

0

Сыр топырағында туып, Қазақстанды ғана емес алыс-жақын шетелді өнерімен мойындатқан танымал әнші, дарынды композитор Батырхан Шөкеновті жерлестері еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін әншіге, әкесі, белгілі экономист, қаржыгер Камал Шөкеновке өздері тұрған көпқабатты үйге қойылған ескерткіш тақта ашылды.

Кешкісін «Өнер орталығының» алдында Батырхан Шөкеновтің шығармашылығына арналған «Мәңгі іздеймін» атты концерт ұйымдастырылды.  Облыстық филармонияның «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблінің концертіне Ә.Мұстафаев жетекшілік етті.  Концертте композитордың шәкірттері оның репертуарынан «Отан-Ана», «Қайран көңіл-ай», «Гүл Алматы», «Джулия», «Нелюбимая», «Солдат любви» әндерін орындады.

Батырхан Шөкенов ғажайып музыканттығымен, өзіндік ұстанымына беріктігімен, жарқын бейнесімен есте қалды. Қоңыр дауысында өмірге деген құштарлық, жастық та, қайрат та, мұң да, шер де, қуаныш пен махаббат та бар-тұғын. Сонысымен әр тыңдарманның жүрегіне жол тауып, сүйікті әншісіне айналды.

Болмысы бөлек жанды көрермендері ұмытпай, жыл сайын еске алып, талантты музыкантқа құрмет көрсетеді. Оның ән-ғұмыры елі барда ешқашан үзілмек емес, есімі халқының жүрегінде сақталады. Биыл көзі тірі болса, ол 62-көктемін қарсы алар еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<