Қазақ ән әлемінің падишасы атанған, ҚР және КСРО халық артисі, «Тарлан» сыйлығының, «Отан» орденінің иегері, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына биыл 100 жыл. Ерен еңбегімен, ерекше талантымен есімі аңызға айналған әншінің мерейтойы елден асып, ЮНЕСКО шеңберінде тойлануда. Соның бір айқын көрінісі әншінің туған жері – Сыр елінде еңселі ескерткіш орнатылды.
Әншіге қойылған әсем ескерткіштің ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты әлемдік деңгейде қабылданған мәдени іс-шаралар басталып кетті. Соның аясында аяулы әншінің туған жері – Сыр елінде де ауқымды шаралар өтуде.
Бүгін міне, «Айналайын халқымнан еркелеткен» деп, елінің жүрегінен орын алған, халықтың ерке қызы Роза Бағланованың еңселі ескерткішін ашқалы тұрмыз. Сыр елінің перзенті – Роза Тәжібайқызы Бағланова Қазалы ауданы, қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Ол өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбль құрамында Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында өнер көрсетіп, жауынгерлерге рухани дем берді. Бұл – шын мәнінде қаһарман қазақ қызының ерлігі. Соның айғағы, ол 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі Жеңіс концертіне қатысты.
КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызының өнер, руханият саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз! Қазақ опера және балет театрының, қазақ филармониясының, «Қазақконцерттің» әншісі болып қызмет атқарды. Ұлттық ән өнерін дамытуда ерекше сазды әншілік мектебін қалыптастырды. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен кәсіби өнерін өркендетіп, әлем сахнасына көтерілуіне орасан зор үлес қосты. Есімі аңызға айналған әнші дүниежүзінің 50-ден астам мемлекетінде өнер көрсетіп, 30-ға жуық тілде ән шырқаған. Роза Бағланова есімі туған топырағы – Сыр елінде үздіксіз насихатталып келеді. Облыс орталығында бір көшеге, Әйтеке би кентіндегі Мәдениет үйіне есімі берілді.
Өнер десе өзгеше түлейтін Сыр елі Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш орнатуды зор ықыласпен қолдады. Сәулетші Бауыржан Кененбаев пен мүсінші Мұрат Сыдықовтың өнер туындысы қаламызға көрік берері сөзсіз. Зәулім ескерткіш құтты болсын! Сіз мәңгі елдің жүрегіндесіз, аяулы әнші, қазақтың ән падишасы Роза Тәжібайқызы, – деді облыс әкімі.
Р.Бағланованың ұлы Тәжен, келіні Марал әншінің мерейтойы аясында туған жерінің төрінде еңселі ескерткіш орнатылуы – Сыр елі халқының ыстық ықыласы мен риясыз құрметі екенін айтып, әулеті атынан зор алғысын білдірді. Жиында Мемлекет және қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов әншінің өмірдегі адами асқақ болмысын, өнердегі өр бейнесін танытатын тағылымды естеліктер айтты. Ескерткіштің ашылуына аймақтың зиялы қауымы, өнер, мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<