Әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет

287

0

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация қатысып қайтты. Делегация құрамында Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, саланың және 50-ден астам шаруа қожалығының басшылары бар. 

Форум барысында Президент еліміз егіс алқабы мен жер көлемі жөнінен әлемде алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Бидай және ұн экспортынан Қазақстан көшбасшы елдер қатарында. Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі көрсеткішін жақсарта түсті. Президент бәсекеге қабілетті озық сала болу қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Бұл ретте біздің облыста тиісті іс-шаралар нәтижелі болып келеді. Биыл облыста саланы қолдауға 28,4 млрд теңге қаралған. Оның ішінде субсидиялауға 17,3 млрд теңге бөлініп отыр. Қаржы егін және мал шаруашылығын дамытуға, басқа да қолдау түрлеріне жұмсалуда. Осындай қолдаудың арқасында биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,8, қайта өңдеу 3,3, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция  19,7 пайызға  артты.

– Облыс бойынша егілген 189,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі агротехникалық талаптарға сай мерзімінде толық жинап алынды. Оның ішінде 85,6 мың гектар күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім келіп, 496,4 мың тонна астық қамбаға құйылды. Су тапшылығы жағдайын ескере келе, күріш көлемі 3,4 мың гектарға қысқартылса, есесіне малазықтық дақылдар, майлы және дәнді дақылдар ұлғайтылды. Кейінгі жылдары аграрлық өндірісте су үнемдейтін технологияларды қолдану аясы кеңейді. Оның көлемі 4 400 гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артты. Өңірде 3 инвестициялық жобаны іске асыру қолға алынып отыр. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен жүгері және сүрлемдік жүгері, жоңышқа дақылдары егілді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.  

Мемлекет басшысы форумда ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігіне тоқталды. Агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылып, импортқа тәуелді болуды азайту керек.

– Форум барысында Президент ауыл бәріміздің алтын бесігіміз екенін тағы бір жаңғыртып, «Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін» деді. Мұндай азаматтар Сыр өңірінде де бар. Атап айтқанда, Нағи Ілиясов және «Таң», Арқадағы «Шахтерское», «Қызылжар» өңіріндегі «Новоникольское» ауылдары да көпке үлгі екенін мысал етті. Барлық іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде жылқы шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталды. Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Дегенмен 4,2 млн жылқының 40 мыңы ғана – асылтұқымды. «Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданады. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын» деп атап өткені көпшіліктің көкейінде жүрген ойын дөп басты, – дейді еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы.

Форумда аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» ЖШС-ның егіс бригадирі Балғазы Томай бар. Сондай-ақ Шиелі ауданындағы «Халықберді» жеке шаруа қожалығының күрішшісі Жұмабек Бүрісов, Арал ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысшысы Төрехан Бердімағамбетов, Қармақшы ауданындағы  «Ақжар» шаруа қожалығының егіс бригадирі Қанат Төралиев осы марапатты иеленді. Ал Жалағаш ауданындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС директоры Сергей Ким «Құрмет» орденіне лайық деп танылды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<