Отбасы беріктігі ер-азаматқа тікелей байланысты. Халқымызда әкені ерекше құрметтеп, мәртебесін жоғары қою дәстүрі орныққан. Ал биыл елімізде алғаш рет атаулы күндер тізімі ресми түрде «Аналар күні» және «Әкелер күнімен» толықты. Алғашқысы мамыр айының екінші жексенбісіне, «Әкелер күнін» атап өту маусым айының үшінші жексенбісіне белгіленді.
Отбасы құндылықтарын сақтай отырып, бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңызын көрсету, әке мен баланың өзара қарым-қатынасын нығайтуда бұл күннің маңызы ерекше. Осыған орай, өткен жексенбі, яғни, 18 маусым күні Тұңғыш Президент саябағында «Әке – отбасы тірегі» атты спорттық сайыс өтті. Мұндағы меже – әке мен балаларды бір мақсатқа жұмылдыру, отбасындағы береке-бірлікті нығайту.
Мәдени шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов қатысып, алғаш өтіп отырған мерекемен құттықтады.
– Біздің халқымыз үшін отбасы деген ұғым өте қасиетті. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Ал оны құрайтын үштаған: әке, ана және бала болса, солардың үйлесімді дамуы – мемлекеттің іргетасының берік болуына, Тәуелсіздігіміздің сақталуына қызмет етеді. Сондықтан да еліміздегі отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі.
Әлемдік мәдениетте «Әкелер күні» бір ғасырдан астам уақыттан бері аталып келсе, маусым айының үшінші жексенбісі дүниежүзіндегі 30 елде тойланады. Зерттеулерге қарағанда, қазір ата-ананың 45 пайызы ғана балаларына уақыт бөледі. Бұл әке беретін тәрбиенің жетіспеушілігіне әкеліп тұр. Осы ретте «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген даналық өзектілігін жойған жоқ. Әке – отбасын асыраушысы, үйдің басшысы әрі жақсылыққа бастайтын тәрбиешісі. Сондықтан да биыл бірінші рет аталып отырған «Әкелер күні» отбасы институтын нығайтуға, әке мәртебесін көтеруге, әулеттегі жақындықтың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз. Баршаңызды бүгінгі атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деді Ш.Байманов.
Мұнан кейін сөз алған «Әкелер одағы» ҚРҚБ облыс бойынша филиалының басшысы Ержан Ескендір қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Әкелер күні тек мереке ретінде ғана атап өтілмеуі керек деп есептеймін. Өйткені, әр ер-азамат өз отбасына көңіл бөлу, ұл-қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейді. Әке мәртебесін көтеру және оларға қолдау білдіру – баршамыздың парызымыз деп білемін. Бүгінгі сайысқа қатысушы барша әкелерге сәттілік тілеймін, – деді ол.
Белсенді әкелер мен олардың балалары қатысқан спорттық сайыста түрлі салада қызмет ететін жалпы саны 18 отбасы өзара бақ сынасты. Олар ұлттық ойындардың бірі – «Асық ату» және «Көңілді эстафета» бойынша жарысты.
Қорытындысында «Көңілді эстафета» сайысы бойынша бірінші орынды Шымбергеновтер отбасы алса, екінші және үшінші жүлдені Сержановтар мен Рахметовтер отбасы бөлісті. Ал «Асық ату» сайысында бірінші орынды мергендігімен көзге түскен Омаровтар жеңіп алды. Екінші жүлде Айтпенбетовтерге, ал үшінші бәйге Досаевтарға бұйырды.
Айта кетейік, «Әкелер күніне» орай 17-18 маусым күндері облыс орталығы мен барлық аудандарда түрлі форум, көңілді спартакиада, жиындар және танымдық кездесулер өтті.
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<