«Әр нәрсенің өз уақыты болады»: Дина Төлепберген «Астарлы ақиқатты» жүргізбейтінін хабарлады

411

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық танымал тележүргізуші Дина Төлепберген өзі негізін қалаған «Астарлы ақиқат» бағдарламасын енді жүргізбейтінін хабарлады. Ақпарат өкілі аталмыш бағдарламаны 13 жыл бойы жүргізіп, түрлі әлеуметтік тақырыптарды көтерді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Дина Төлепберген маңызды мәлімдемесін Instagram парақшасында жасады. Ол 13 жыл бойына өзі тізгіндеп келген «Астарлы ақиқатты» енді жүргізбейтінін хабарлап, «тұла бойы тұңғышына» айналған бағдарламамен ел алдында қоштасты. Тележүргізуші «Астарлы ақиқат» басталған сәттен бері өзіне қолдау білдірген халыққа алғысын айтты. «Студияда 1500 сағат, 600 бағдарлама, 13 өмір. Осымен «Астарлы ақиқатты» жүргізуді тоқтатып жатқанымды жеткіземін. Мен сепарация туралы жиі айтамын. Бұл балаларымызға ғана емес, туындыларымызға да қатысты. Тұла бойым тұңғышыма айналған «Астарлы ақиқат» өз анасын күлімсіретті, көкке көтерді, кейде күрсіндірді де. Бастысы – біз екеуіміз де жылағанның жасын сүрттік, құлағанды қолтығынан демедік, тарпаң тағдырдан тарыққанға жол ашуға тырыстық. Әр нәрсенің өз орны, өз уақыты болады. Осыдан 13 жыл бұрын, 2011 жылдың 18 қыркүйегінде 27 жастағы Динаға эфир тізгіні бұйырғанда, мен бағдарламаға жан бітіріп, оны жалпыұлттық деңгейге жеткізем деп ойламаған едім. Бірақ сіздер мені өз отбасыңыздың мүшесі ретінде қабылдап, күнде кешкісін менімен бірге болдыңыздар. Рақмет сіздерге! Эфирмен қоштасуымды қарыштауға қадам деп тілекші болыңыз», – деді Дина Төлепберген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<