Әрбір іс нәтижесімен өлшенеді

220

0

Облыс еңбеккерлері биыл 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Дариядағы су деңгейі де болжамға сай. Ветеринария саласында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ энергетика және құрылыс бойынша да маңызды жобалар жүзеге асуда.

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл мәселелер кеңінен таразыланды. 

– Биыл дариядағы су деңгейі қалыпты. Өткен жылғыдан 2 млрд текше метрге артық . Қазір  «Шардара» су қоймасына 800 текше метр су келіп түсіп жатыр. Ал қоймада 4,4 млрд текше метр су бар. Бұл қойманың 86 пайыз толып тұрғанын көрсетеді. Осыған дейін көршілес елдермен бірнеше мәрте су мәселесі талқыланды. Вегетациялық кезеңде 3,7 млрд текше метр көлемінде су келеді деген болжам бар. Қазір Қызылорда қаласының тұсынан дария бойымен 400 текше метр су өтіп жатыр. Былтыр небәрі 100 текше метрді құрайтын. Қазір дарияда сең «Әйтек» су торабынан 70 шақырымдай төменгі ағысқа ойысты. Оны Арал теңізіне дейін қауіпсіз жеткізу үшін жауапты мекемелер бекітілген, мамандар тәулік бойына бақылап отыр.  Биыл облыс бойынша барлығы 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр, – деді Бахыт Дүйсенұлы.

Қазір тұқым құю, тазалау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Егінге қажетті 64,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштың 26,6 мың тоннасы (41,1%) сатып алынды. Сондай-ақ 10 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 40 млрд теңге қаралған.

– «Қараөзек» су қоймасын салу мәселесі үлкен маңызға ие. Бұл жоба кешенді жоспарға енгізілген. Оның су жинау көлемі 775 млн текше метрді құрайды. Жобаны Ислам Даму банкі есебінен қаржыландыру көзделіп отыр. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Жоба құны – 3,8 млрд теңге. Жоба 31 мың гектар суармалы, 120 мың гектар шабындық, жайылымдық жерлерді және вегетациялық кезеңде Арал теңізіне су жеткізіп отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыс бойынша алғашқы кезекте күрделі жөндеуді қажет ететін 8 жобаға Ислам Даму банкінен қаржы тартылады, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Облыста былтыр аса қауіпті жұқпалы аурулардың қолайсыз 2 ошағы тіркеліп, сауықтыру жұмыстары толық жүргізілді. Қазір эпизоотиялық ахуал тұрақты. Өткен жылы облыста эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен 7468,5 мың доза ветеринариялық препараттар алдын ала егілген. Бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде 10 сиыр, 286 уақ малдан  ауру анықталып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылған.

Ал өткен жылы облыстың жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 44,7 млрд теңге бөлінген. Сол арқылы  жалпы ұзындығы 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92,5 пайызға жетті. Биыл жол инфрақұрылымын дамыту үшін 33,6 млрд теңге бөлу жоспарланып, жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 95 пайызға жеткізу мүмкіндігі туып отыр.

–    Облыста жылу беру маусымын, жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға былтыр 12 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде «Қызылорда жылу-электр орталығының» 2 газтурбиналық қондырғысына, 11 қазандыққа күрделі жөндеу және 9,3 шақырым жылу желілеріне жаңғырту жүргізілді. Мемлекет басшысының Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырмасына орай 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жоба екі кезеңмен жүзеге асады. Бірінші кезеңде 2024 жылы 187 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыс толықтай жүзеге асты, – деді Б.Жаханов.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<