Қызылорда халқы көптен күткен әуежайдың жаңа терминалы өткен жылы іске қосылды. Заманауи ғимарат жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады.
Нысанның ашылуына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы қатысты.
Сырдың әуе қақпасы ерекше архитектуралық үлгіде салынған. Аумағы – 7500 шаршы метр. Ғимаратта жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырды. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
– «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаңа терминал телескопиялық баспалдақтар мен қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бастысы, жолаушылар сапалы қызметке дән риза.
«Қорқыт Ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев өңірдегі жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақытылы іске қосылғанын атады. Мәселен, былтыр 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс жүзеге асырылады (17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға). Осы жылдың маусым айында Анталья (Түркия) қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылды.
Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Қарағанды» сияқты әуе бағыттарын әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары жүзеге асырылмақ.
Бастысы, жолаушылар сапалы қызметке дән риза. Әуежайға алғаш ұшып келушілер таңданыстарын жасырмады. Тіпті шетелдік әуежайлардан еш айырмашылығы жоқ екенін, жолаушылар үшін барлық жағдай жасалғанын қуана жеткізді. Заманауи нысанның жайлы әрі сәнді екенін де алға тартты.

Жолың болсын, жолаушы!
Шырайлы шаһардың шынайы келбетін аша түскен нысанның тағы бірі – сол жағалаудан салынған заманауи үлгідегі жаңа автовокзал.
Өңірде жыл сайын жолаушылар ағыны артып келеді. Осыған орай тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында жаңа автовокзал ғимараты салынды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқан. Енді автобустар қала ішіне кірмейді. Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсетеді. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі, мүгедектігі бар жандардың да кедергісіз жүруіне жағдай қарастырылған. Осы кезге дейін қызмет көрсетіп келген ескі автовокзал сапасы сын көтермейтін. Жолаушыларға тиісті жағдай қарастырылмаған, ғимараты да ескірген еді. Міне, жаңа автовокзал соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге ыңғайлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын.
Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында салынған жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысына салынды. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.
Тарихи ғимараттың түрленуі
Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға 873 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде бір ғасырлық тарихы бар ерекше архитектуралық нысан жаңа кейіпке енді.
Осылайша мердігер мекеме «Берсугир» ЖШС вокзалдың әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстарын бастады. Қызылорда қаласының әкімдігі екінші перронға және автотұраққа жалпы көлемі 3700 шаршы метр асфальт төседі. Сонымен қатар, 1500 шаршы метр аумаққа құм аралас тас төсеп, асфальттауға дайындық жұмыстары жүргізілді.
Қазір теміржол вокзалының аумағы адам танымастай өзгерді. Жанжағында орналасқан ашық сауда орындары да заман талабына сай дүкендерге айналды.
Халыққа қызмет көрсету қашанда маңызды, себебі бұл – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Сондай-ақ сапалы және қолжетімді қызмет қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырып, тұрақтылық пен өркендеуге жол ашады. Осы ретте өңірде әлі де тың жобалар жалғасын табуда. Бұл аймаққа серпін беріп, Сыр өңірі қай жағынан да алда екенін көрсетеді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<