Әрбір шешім халықтың мүддесі үшін

858

0

Сейсенбі, сәрсенбі күндері облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш ауданында болды.  Сапардың басты мақсаты – Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында жергілікті тұрғындармен жүздесу. Сондай-ақ аудандарда тұрғындарды жеке қабылдау өткізілді.

Әрбір шешім халықтың мүддесі үшін

Көптің күткен жаңа көпірі

Алдымен Арал ауданында болған облыс басшысы теміржолдан өтетін жаңа көпірдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ұзақ жылдан бері шешімін таппаған мәселе – осы көпір болатын. Аралдық ағайынды қуантқан жобаға тілектестік білдіріп, мұның үлкен жетістік әрі зор қуаныш екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ерекше атап өтуіміз қажет, биыл облыс бюджеті 520,7 млрд теңге болып бекітілген еді. Сәуір айындағы нақтылаудан кейін оның көлемі 593 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл былтырғы бюджет көлемімен салыстырғанда 230 млрд теңгеге немесе 1,7 есеге артық. Оның ішінде Арал ауданының бюджеті 18,4 млрд теңгеге жетті. Осы ауқымды қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әрбір шешім халықтың мүддесі үшін

Аталған шарада Арал ауданының Құрметті азаматы Кішкене Айбосынов өз жерлестерін көпір құрылысының басталуымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Бұған дейін көлік кептелісін тудырып келген өткел енді аспалы көпірге айналады. Бірнеше шақырымға дейін автокөлік кептелісін жасайтын мәселе шешіледі. Арал қаласын бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 17 мың, арғы бетінде 20 мыңдай халық қоныстанған. Жалғыз өткел осы болғандықтан, кейде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникалары да межелі жеріне уақытылы жете алмайтын.

Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтайды. Жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын көпірдің ұзындығы бір шақырымға жуықтамақ. Сондай-ақ екі жағынан қосымша жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары қарастырылған.

Әрбір шешім халықтың мүддесі үшін

Аталған құрылыс нысанынан соң облыс әкімі Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліске қатысып, түйткілді мәселелер мен маңызды міндеттерді талқылады. Аймақ басшысы былтырдан бері Президент Жарлығы бойынша халықпен кездесу ұйымдастырып, түрлі өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Бұл жиында да Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан азаматтар табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аудару туралы тапсырмасын еске салды.

– Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешу әкімдер атқаратын жұмыс нәтижесімен тікелей байланысты болмақ. Бұл бағытта облыста тиісті шаралар қабылданып, нақты  жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Арал ауданында да оң өзгерістер бар. Былтыр аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 16,7 млрд теңгені құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділік төмендеді. Ауданның өз кірісі биыл 3,2 млрд теңгеге өскен. Сонымен бірге, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің, құрылыс көлемінің артуы есебінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткен. Арал ауданы аудандар бөлінісінде бірінші орында. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді облыс әкімі.

Айтпақшы, аймақ басшысы ескерткен бір дүние бар. Батыстағы ірі ауданның бірі саналатын Аралда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 тірек елді мекен ғана тіркеліпті. Жиында әкім облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, қосымша 3 елді мекенді тірек ауылдар қатарына енгізуді тапсырды. Бұған қосымша «Ауыл аманаты» жобасы бойынша барлық аудан әкімдеріне кемінде 2 млрд теңгеге жоба ұсыну міндеттелгенмен, жұмыс қарқыны төмен екендігін ескертті.

Әрбір шешім халықтың мүддесі үшін

Мәжілісте өнім өндіруге, қызмет көрсетуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық беру, кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешу,  азық-түлік өнімдерін өндіру, баға тұрақтылығын сақтауға қатысты сөз қозғалып, тиісті басшыларға тапсырма берілді. Бұдан басқа былтыр аудандағы барлық ауылдық округтерде қылмыс көрсеткіші өскені айтылып, аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаевқа бір ай ішінде қылмысты ашу, оның алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Екіншіден, аудандағы Қамбаш көлінің туристік әлеуеті, артықшылығы әлі де ескерусіз қалып келеді. Аймақ басшысы  алдағы оқушылардың жазғы демалысы және суға шомылу маусымында қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды. Облыстық білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, қала, кент және ауылдық округ әкімдері осы бастан ата-аналармен, балалармен, ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуі керектігін тағы бір нақтылады.

Облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға барлығы 100-ге жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелер негізінен баспана алуға, денсаулық, білім салаларына, жұмысқа орналасуға, т.б. мәселелерге қатысты болды. Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Қабылдауда көтерілген барлық мәселені шешу жолдары жан-жақты зерттеледі.

Мәселен, Арал ауданының тұрғыны Ақбай Баекеев «ҚазСуШар» мекемесіне қатысты ұсыныс айтты.

– Бүгін облыс әкімінің қабылдауына келдім. Егіс көлемінің артуына байланысты бұрын Арал ауданында су шаруашылығы мекемесі болған. Қазір оның ізі ғана бар.  «ҚазСуШардың» аудандық мекемесін қайта құру туралы мәселе қозғадым.  Бұл мәселе алдағы уақытта заң аясында қаралып, оң шешім табатынын айтты, – деді ол.

Ал ардагер ұстаз Әлия Мұқалимова ауданға типтік балабақша қажет екенін жеткізді.

Мұнан бөлек, тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауында болды. Өздерін толғандырған мәселелердің заң шеңберінде шешім табу жолдары бойынша кеңес алды.

Жеке қабылдаудан кейін аймақ басшысы аудан орталығында салынатын №6 және №5  мөлтек аудандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты.

Әрбір ауылдың дамуы бақылауда болады

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты. Әдеттегідей ел-жұртпен кездесу өткізіп, тұрғындармен дидарласты. Жиын барысында ел Президентінің сайлауалды бағдарламасындағы басты міндеттерге тоқталды әрі жауапкершілікті ширату қажетін ескертті.

– Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ондағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылданған шешімді жүзеге асыруымыз керек. Кент және ауылдық округ әкімдері халықтың күнделікті айтып жүрген проблемаларын шешуді көздейтін жобалар дайындап, оны қорғап, жанашырлық танытуы тиіс. Жайбарақаттықты уақыт көтермейді, ауылдың дамуына, көркеюіне жұмыс жасаңыздар. Облыстағы әрбір ауылдың даму перспективасы менің жеке бақылауымда болады. Мұндай көшпелі жиындарды жиі өткізіп, ауыл әкімінің іскерлік қабілеті мен белсенділігін бағамдауды  дәстүрге айналдырамыз, – деді жиында облыс әкімі.

Мәжілісте айтылған тағы мәселе – аудандағы өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс жұмыстарының көлемі, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері салаларындағы көрсеткіштерінің төмендігі. Ал инвестиция, бөлшек сауда көлемі, бюджеттің өз кірістері көлемі өсімінің орындалу деңгейі орташа. Былтыр мұндағы өнеркәсіп кәсіпорындары 20,2 млрд теңгенің өнімін өндірген, бұл былтырғымен салыстырғанда 23,6 пайызға артқан.

Аймақ басшысы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы бірқатар міндеттерді жүктеді. Атап айтқанда, ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 жобаны жүзеге асыруға  1,1 млрд теңге бөлінген. Енді бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.  Биылдан бастап Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да жұмыс қарқыны төмен. Облыс әкімі барлық аудан әкімдеріне кемінде 2 млрд теңгеге жоба ұсыну міндеттелгенін еске салды.

Айтпақшы, бұған дейін ауылдық округ, кент әкімдерінің сол аумақта тұрғылықты тұруы қатаң тапсырылған еді. Соған қарамастан аудан орталығынан қатынап, өзі басқаратын елді мекенде тұрмайтын басшыларға, мәселен, Ғ.Мұратбаев, «Сарыкөл», «Басықара» және «Құмжиек» ауылдық округтерінің әкімдеріне ескерту берілді.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Қазалы тұрғындары несие ұйымдарынан алған қаржысының басым бөлігін мал шаруашылығына жұмсаған. Бизнесті қолдау бағдарламалары техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашуға, басқа да өндіріске бағытталған жобаларды қаржыландырады. Аймақ басшысының сөзінше ауыл әкімдері осындай жобаларды да таңдап, кәсіпкерліктің  түрлі саласын дамыту керектігі айтылды.

Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовқа аудандағы қылмыстық ахуалдың алаңдатарлық екені ескертілді. Қалыптасқан жағдайды ардагерлер және қоғамдық кеңестердің отырыстарында талқылап, мән-жайды сараптан өткізсе, бұл келеңсіздіктердің алдын алуға болады. 

Қазалыдағы жеке қабылдауға барлығы 70-тен астам азамат келді. Басым көпшілігі баспана алу, денсаулық, білім салаларының, жұмысқа орналасу сынды тілектерін білдірген. Барлық ұсыныс-өтініштер тыңдалып, аймақ басшысы жауапты тұлғаларға әр мәселе бойынша өз тапсырмасын берді. Ал құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына келген тұрғындар да   өздерін толғандырған мәселелердің жай-жапсарының заңдық негізі жайлы сауалдарына толыққанды жауап алды.

– Аймақ басшысының ауданымызға жұмыс сапары туралы хабардар болып, қабылдауына жазылдым. Кездесуде  «Бозкөл» ауылына типтік жобадағы балабақша қажет екеніне тоқталдым. Облыс әкімі бұл мәселенің алдағы уақытта  оң шешім табуына ықпал жасайтынын айтты, – дейді бозкөлдік еңбек ардагері Жанұзақ Келімбет.

Ал кент тұрғыны Айгүл Жұбан тұрақты жұмыс мәселесі бойынша облыс басшысымен тілдесіпті.

– Келінімнің  орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломы бар. Бірақ  жұмысқа орналаса алмады. Бүгін ауданға  жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қабылдауында болып, осы мәселені көтердім. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына заңнамаға сәйкес көмек көрсетуді тапсырды,  – дейдi ол.

Қазалыдағы сапар барысында облыс әкімі жеке қабылдаудан соң аудан орталығындағы «LCI-MK» ЖШС темір-бетон зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 10000 текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарады. Бүгінде  18, 21, 24 метрлік құрылысқа қажетті балкаларды стандарттарға сәйкес дайындап, республика аумағындағы жол, көпір салуға керекті заттармен қамтамасыз етіп келеді. 70-ке жуық жұмысшысы бар мекеме 2013 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын «Жоғарғы кернеулі электр бағаналарын шығару» жобасын іске асырған.

Жаңа нысан – жақсы нышан

Қармақшы ауданына сапарында облыс әкімі алдымен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған денешынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.

Қармақшылықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның бірін бүгін пайдалануға берудеміз. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Жанашыр жерлестеріміздің, демеуші азаматтарымыздың арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар. Жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер 1,6 млрд теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарымызға тарту етті, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков те жерлестерін құттықтап, ақ батасын берді.

Айта кетейік, жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асатын спорт кешенінде тренажер, фитнес және әмбебап зал бар. Мердігер мекеме – «Сапақ» өндірістік кооперативі. Сондай-ақ биыл Қармақшы ауданында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуі осында салынады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, осы жоба бойынша Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, «Ақжар» ауылдарында дәрігерлік амбулатория салыну жоспарланған. Ал «ІІІ Интернационал» және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұған қосымша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауданда жалпы құны 580 млн теңгені құрайтын, ұзындығы 17,5 шақырымдық 21 көше орташа жөндеуден өтіп, 225,4 млн теңгеге 24 көше жарықтандырылады. Облыстық бюджет есебінен «Самара-Шымкент» жолынан «Ақжар», Тұрмағанбет, Т.Көмекбаев ауылдарына дейінгі жолдың 27 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 503,4 млн теңге қаралған. Т.Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғыртуға  774,3 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ «Ақай» ауылы мен «Төретам» кентіне 654,5 млн теңгеге газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мұнда да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен даму жоспарлары да қаралды.

– Былтырғы жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Қармақшы ауданы екінші орын алып, жоғары даму динамикасын көрсетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 4,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайыз өсім бар. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2,6 млрд теңге инвестиция салынған. Дегенмен, проблемалық мәселелер де жеткілікті,  – деді аймақ басшысы жиында.

Облыс әкімі сондай-ақ аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Жиында сөз болғандай, Қармақшыда «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларына елді мекендердің қатысу үлесі төмен. Биыл бағдарламаға 1 кент пен 4 ауылдық округ жоба ұсынып, 1 млрд 353 млн теңгеге қолдау тапқан. Енді осы елді мекендерде спорт кешендері салынып, көшелері жөнделеді. Ал, «Ауыл аманаты» жобасына «Дауылкөл» мен «Жаңажол» ауылдық округтері ғана қатысқан. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуды міндеттеді. Мұнан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыссыздықты азайту, кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсету, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін бақылау, қылмыспен күрес жөнінде тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі ауданда қылмысты ашу көрсеткіші өте төмен екенін қаперге салып, жағдайды жақсарту үшін қажетті іс-шараларды қолға алуды тапсырды. Былтыр кент және ауылдық округтерде 147 қылмыс тіркеліп, 43 пайызы ашылған. Ал жыл басынан бері 31 қылмыс тіркеліпті. Қалыптасқан жағдайға орай аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақытбек Жарқынбаевқа қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту міндеттелді.

Жиын соңында аймақ басшысы жыл қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен ауыл әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылданып,  жоғары нәтижеге жеткен әкімдерге ынталандыру шаралары қарастырылатынын да ескертті.

Қармақшыда ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға 60-тан астам азамат келді. Онда білім, денсаулық, жол, жұмысқа орналасу сынды мәселелер талқыланды.

Өткел – қатынас өзегі

Кеше сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына сапарында теміржол өткелінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Бұл жалағаштықтарды көптен бері толғандырған мәселенің бірі болатын.

«Кент орталығы мен Дәуімбай елді мекені арасында теміржолдан өтетін жаяу жүргіншілер үшін өткел мәселесі қиындық туғызып келген еді. Теміржолдың бергі бетінде 9 мың, арғы жағында 6 мыңдай халық қоныстанған. Әрине, пойыз қозғалысы өте қауіпті. Халықтың өткел салу туралы сұранысы назарға алынды. Енді екі аралық қатынастың түйіні шешілетін сәт алыс емес», – деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында ардагер Жанұзақ Оспан жерлестерін жаңа өткелдің іргетасы қалануымен құттықтады.

Айта кетейік, мердігер «Гүлнұр МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  құрылыс жұмыстарын 7 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Құны 328,7 млн теңге болатын өткелдің ұзындығы 55 метрді құрайды. Оған  қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған шахталық лифт орнатылады. 

Осы арада еске сала кеткен жөн. Күні кеше Арал ауданында теміржолдан өтетін көпірдің іргетасы қаланса, облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржолдан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынуда. Оған қоса «Бәйтерек» ықшам ауданында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін көпір құрылысы жүргізілуде.

Жалағашта облыс әкімі кенттегі М.Шәменов көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жоба құны 359,1 млн теңге, мердігер мекеме – «Қызылорда жолдары» ЖШС. Қазіргі таңда көшенің ескі асфальт жабындысы қырылып, тас төселген, жаяу жүргіншілер жолының бордюрлары салынуда.

Биыл ауданның Мырзабай ахун, Есет батыр ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Аудандағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін 2023 жылға 2,2 млрд теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 559 млн теңгені құрайтын, ұзындығы 9,5 шақырым болатын 6 көше жөндеуден өткізілуде. «Ақсу», М.Шәменов ауылдарына газ тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жасалуда. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді. Олардың ең негізгілері халықтың кәсіппен айналысуына жағдай жасау, әлеуметтік ахуалды жақсарту, ауылдағы өмір сапасын арттыруға байланысты.

Мұнда ауылдың әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларына қатысуға ынта төмен. Биыл бар болғаны 1 кент пен 3 ауылдық округ жоба ұсынған, олар 584,2 млн теңгеге қолдау тапты. Бағдарлама бастау алғалы ауданға қарасты 5 елді мекенге мүлде қаржы қаралмаған. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған ауылдық округ әкімдерін сынға алған аймақ басшысы оларға алдағы уақытта  нәтижеге бағытталған, ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретін тірлікпен айналысуды міндеттеді. «Ауыл аманаты» жобасына да Жалағаш ауданынан Мырзабай ахун, «Аққұм» және «Таң» ауылдық округтері ғана қатысқан. Осыған орай, облыс әкімі ауыл әкімдеріне барлық мемлекеттік бағдарламаларға азаматтарды қатыстыруды, кемінде бір жобаны қаржыландыруды сүйемелдеу керектігін тапсырды.

Мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің тиімділігін, артықшылығын тұрғындарға түсіндіру, ауылды өркендетуге арналған бағдарламаларды барынша зерделеу ауылдық округ әкімдерінің жұмысына өлшем болады. Олар өзі басқаратын елді мекенде қандай кәсіптің көзін ашуға болатынын пайымдап, тұрғындар тұрмысын жақсартуға бағытталған тиімді жобалар ұсыну қажет.

Аймақ басшысы аудан әкіміне жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін бақылауды да тапсырды.

Былтыр ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде 72 қылмыс тіркеліп, оның 17-сі, немесе 24%-ы, биылғы қаңтар-сәуір айларында 37 қылмыс тіркеліп, оның 10-ы, яғни 27%-ы ашылмаған. Қылмыстарды ашу бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудандық полиция бөлімінің басшылығына ескерту жасалып, тиісті әрекеттерді қолға алу міндеті жүктелді.

Облыс әкімі жұмыс сапары кезінде аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға барлығы 60-тан астам азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Аймақ басшысы қабылдауға келген кісілердің мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Әрбір сауалдың туындау себеп-салдарын мамандар жан-жақты зерттеп, жауабы нақтыланады. Шешімі заң аясында қарастырылады.  

Құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына келген азаматтардың да мәселелері тыңдалды. Олардың әрқайсысына қойған сауалының заңдық негізі түсіндірілді.  

Қабылдауға келген бір топ аналардың тұрғын үй мәселесі бойынша өтініштері оң шешім тапты. Олар жаңа кәсіп ашуға көмектескені үшін аймақ басшысына және аудан әкіміне алғыс білдірді. Сондай-ақ аудан тұрғыны Еркінбай Ақшабаев әлеуметтік осал топ санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Облыс әкімі кезектілікті сақтай отырып, баспана алуға жәрдемдесетінін жеткізді.

Елге сапар есеп үшін емес. Әрбір ауданның өзіне тән әрі барлығына ортақ маңызды мәселелер бар. Бұл тұрғыда облыс әкімінің сапары осы жолы да нәтижелі бола түсті. Бірқатар нысандардың іргесі қаланып, жаңасы пайдалануға берілді. Ал қоғамдық қабылдаулар көптің мұң-мұқтажын шешудің айқын алаңына айналуы билік пен халық арасындағы үндестікті көрсетеді.

Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары жалғасады.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<