Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, сайлау процесі мәселелері бойынша ой бөлісті. Сондай-ақ, Сырдария ауданында жергілікті деңгейдегі әкімдерді сайлау барысымен танысты.
Алдымен Н.Әбдіров облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрында сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшыларымен жүздесті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ортсайлауком еліміздің барлық өңіріне жұмыс сапарымен барады. Көпшілікпен кездесуімізді Сыр бойынан бастағанды жөн санадық. Бұл кездейсоқтық емес. Қызылорда – Қазақстанның тұңғыш астанасы ретінде зор құрметке ие, әрбіріміз үшін киелі топырақ. Сайлауға байланысты барынша ашық ой-пікірлеріңізді жеткізеді деген ойдамын. Мақсатымыз – ашық, әділ сайлау өткізу. Әрбір ұсыныс ескеріледі, алдағы уақытта зерделеніп, процесті жетілдіруге пайдаланылады, – деді Н.Әбдіров.
Аталған тақырыпта қызылордалық тұрғындардың белсенділігі байқалды. Олардың тарапынан көптеген ұсыныс-пікір айтылды.
Республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева сайлау комиссиясы туралы ойын жеткізді. Қазірге дейін өткізілген сайлаулар кезінде елімізде тіркелген барлық партияға теңдік принципі сақталмай келді. Комиссиялар құрамына барлық партияның өкілдері тартылғаны маңызды іс-шараның әділ, шынайы, жан-жақты өткізілуіне оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, комиссия құрамынан бюджеттік мекеме қызметкерлерін босату жайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Электронды жүйені пайдаланып дауыс беру бүгінгі қоғам талабына толықтай сай келеді.
Журналист Сәкен Алдашбаев сайлау барысында байқаушылардың мәртебесін арттыруды қозғады. Өйткені, олардың жұмыс істеуіне кедергі келтіретін жағдайлар бар. Атап айтқанда, комиссия мүшелерінің кемшіліктері жайында байқаушы шағымды тиісті орындарға жеке өзі бірден бере алмайды. Қасында тағы екі адам куәгер ретінде тіркелуі тиіс. Сондықтан сайлау учаскесіне маңызды іс-шараны өткізу барысын толық бақылайтын бейнекамера орнатуға назар аударылуы тиіс.
Ал журналист Ерқанат Сәрсенбай мәлімет алудағы ашықтық мәселесін қозғады.
Жүздесу барысында өзге де азаматтар сайлауды ұйымдастыруға байланысты ойларын айтып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Жүйені және оның заңнамасын жетілдіру, ұйымдастыру және өткізу кезінде оны құқықтық тұрғыдан қолдану жөніндегі кешенді мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Н.Әбдіров Ортсайлауком мен сайлау органдарының негізгі міндеті заңнамаға сәйкес барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету екенін ерекше айтып өтті. Сапар аясында Орталық сайлау комиссиясының мамандары Асылбек Смағұлов, Дәурен Ысқақов, Әйгерім Тәжиева аймақтағы сайлау комиссиялары мүшелерімен кездесіп, қазіргі талаптар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жұмыс сапары аясында Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті әкімін сайлау қарсаңындағы дайындықпен танысты.
Аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Балшекер Өтегенованың айтуынша, былтыр жергілікті тұрғындар 4 ауыл әкімін сайлауға мүмкіндік алды. Алдымен 25 шілдеде А.Тоқмағанбетов, Іңкәрдария, Н.Ілиясов ауылында әкім сайлауы өткізілсе, 24 қазанда Қалжан ахун тұрғындары осындай таңдау жасады. Енді 20 ақпанда Тереңөзек кенті әкімін сайлау жоспарланған. Оған үміткер ретінде 3 азамат тіркелген. Олардың 2-і партия атынан түссе, 1-і өзін-өзі ұсынған. Аудан орталығында орналасқан 4 сайлау учаскесінде барлығы 7190 адам қатысады деп күтілуде.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №155 сайлау учаскесінде комиссия мүшелерімен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікіріне зер салды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр кең ауқымда ауыл әкімін сайлау ұйымдастырылды. Бұл жергілікті тұрғындардың белсенділігін арттырды деген ойдамыз. Ендігі кезекте 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау жақындап келеді. Бұған байланысты нақты дайындық жұмыстарын қолға алуымыз тиіс, – деді төраға.
Одан кейін Н.Әбдіров бастаған топ осы ауданның Нағи Ілиясов ауылына барды. Онда былтыр ауыл әкімін сайлау өткізілген болатын. Жергілікті халық Сағдат Нұрмағанбетовке қолдау білдірді. Мұнда 2 мыңнан астам адам тұрады. Елді мекенді дамыту бағытында көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Алдағы уақытта көшелерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазір салық базасын кеңейтуге көңіл бөлініп, тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай жасалуда.





