Әріптестік байланыс жалғасады

237

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесті. Кездесуде қордың Сыр елінде атқарған, қолға алған жұмыстары сараланды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры арқылы Сыр елінде 4,8 млрд теңгенің денсаулық сақтау жобалары қаржыландырылды. Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Оған қоса 1 млрд 100 млн теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынды. Бүгінде кешендер шалғай елді мекендер тұрғындарына тұрақты медициналық қызмет көрсетуде, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, қор қаржысына сирек кездесетін, онкологиялық және онкогематологиялық ауруға шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмек, перинаталдық орталық пен аудандық ауруханаларға диагностикалық линзалар, офтальмоскоптар мен офтальмологиялық лазерлер, басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды. Қан тамырлары патологиясы бар балалар емделді. Генетик, УДЗ маманы, трансплантология үйлестірушісі білім жетілдірді. Көз қабығын ауыстыруды қажет ететін науқастардың еміне қаржы қаралды.

Басқосуда Ләззат Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қызылорда облысы арасындағы жолға қойылған тұрақты әріптестік байланыс одан әрі жалғасатынын жеткізді және алдағы уақытта Сыр өңірінде жүзеге асырылатын жобаларды талқылады.

Айта кетейік, күні кеше Шиелі ауданының Досбол би ауылында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<