Әріптестік мәселелерін талқылады

668

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Кэролайн Сэвидж ханыммен онлайн форматта кездесіп, екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады.

Америкалық тараптың бастамасымен өткен кездесу барысында аймақ басшысы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту ісіне сенім білдіріп, бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді. Әсіресе, экология саласындағы, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына ағаш отырғызу мәселесіне тоқталды.

– Өзіңіз білетіндей, біздің аймақ – экологиялық қиындықтары бар мекен. Арал теңізін сақтап қалу – бүкіл адамзатқа ортақ мәселе және оның бірден-бір жолы – құрғаған теңіз табанына ағаш көшеттерін отырғызу. Қазіргі таңда біз көрші Өзбекстан Республикасымен бірге тартылған теңіз табанына сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, USAID бағдарламасында аталған жұмыс бағыттары қарастырылғанын білеміз. Осы мәселені тағы да талқылап, тез арада қолға алу керек деп санаймын, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Кэролайн Сэвидж Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас деңгейінің жоғары екенін, бұл ретте әрбір өңірмен екіжақты тиімді байланыс орнатудың маңыздылығын, бірлесіп жұмыс жасауға қызығушылық танытатынын айтты.

Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу және қалпына келтіру үшін жыл сайын сексеуіл, сарсазан, тамариск секілді өсімдіктер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы аймақта 100 мың гектарға жуық жерге сексеуіл отырғызылса, бірнеше жылда көшет аймағы 1 млн гектарға жеткізілмек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<