Әркез құрметке лайық

878

0

Желтоқсан оқиғасы. Осы бір ауыз сөзде қаншама қасірет, қайғы-мұң, өзекті өртер өкініш жатыр десеңізші. Сол бір қасіретті күндерде қаншама жастың тағдырына балта шабылды, қыршынан қиылды, тар қапасқа қамалды, өмір бойы дерттің азабын шекті, ұзақ жылға сотталды, оқудан шығарылды. Алайда алып империяның озбыр саясаты жалын жүректі жастардың сағын сындыра алған жоқ.

Биыл Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Қазақ халқының тарихында аса ауыр да өшпестей із қалдырған оқиғаға қатысушыларға құрмет көрсету, олардың ерлігін насихаттау – баршаға ортақ парыз. Әрі солай болып та жүр. Мұндай көрініс Қазалы өңірінде де айшықталып жүр.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды арнайы қабылдап, ізет көрсетті.

– Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын  бәйгеге  тіккен  Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерлігі уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсарлығы ұмытылмақ емес, – деді аудан әкімі.

Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы, жерлесіміз Ұлбосын Алматова ауданда желтоқсаншылардың қоғамдық ұйымы құрылғанын айтып, оның төрағалығына Шарападин Кенжебаев ұсынылғанын жеткізді.

Мұнан соң Ш.Кенжебаев өзіне сенім білдірген азаматтарға алғыс айтып, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыс көп екенін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ізгі тілегін білдірді.

Басқосу соңында аудан әкімі Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<