Жуырда шахматтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әсел Серікбайды жерлестері кеше Қорқыт ата әуежайында салтанатты түрде күтіп алды.
Қызылордалық шахматшы Италияның Сардиния қаласында өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, облыс тарихында тұңғыш рет гроссмейстер атағын қорғап қайтты.
Салтанатты күтіп алу шарасына облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, спортшылар, жастар және туған-туыстары мен әріптестері қатысты.
– Шахмат ойыны шыдымдылықты, жауапкершілікті, ыждағаттылықты қажет етеді. Осындай талабы қатаң спорт түрінен облыс спортшылары жоғары табыстарды бағындырып келеді. Әселдің жеңісі – ортақ жетістігіміз. Ол қазірге дейін ел біріншілігінде 17 рет жеңімпаз атанса, 3 дүркін Әлем чемпионы болды. Оған қоса 7 мәрте Азия чемпионатында топ жарды. Ал жақында Италияда өткен Әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Қуанарлығы, Әсел елімізде тоғызыншы, облыста алғашқы болып «гроссмейстер» атағын иемденді. Біз әлем біріншілігінде ел абыройын асқақтатқан нәзік те қайсар қызымызды мақтан тұтамыз, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары алдағы қараша айында өтетін Азия чемпионатында Әсел Серікбай мен тағы бір жерлесіміз Назерке Нұрғалиға сәттілік тіледі.
Көпшілік алдында Әсел Серікбай өзіне қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Қуанышыма ортақтасып келгендеріңіз үшін рақмет айтамын. Еліміз үшін маңызды мереке – Республика күні қарсаңында сіздерге жеңіс сыйлағаным үшін өте қуаныштымын. Алдағы уақытта жоғары табыстарға қол жеткізуге күш саламын, – деді ол.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<