Әселдің әлі талай даңқы аспандайды

723

0

Кезінде әлемдік шахматта Анатолий Карпов, Гарри Каспаров,  Вишванатан Ананд, Михаил Таль, Нона Гаприндашвили сынды саңлақтардың есімі жиі аталатын еді. Тақта үстіндегі тартысты бәсекеде талай мәрте топ жарған тарландар «гроссмейстер» атағына лайықты деп танылды. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай еліміздің атынан түрлі жарыста бақ сынап жүрген тоғыз қазақстандық «гроссмейстер» атанып үлгерді.

Шахматта «гроссмейстер» атағы ХІХ ғасырдың бастапқы кезінен беріледі. Оған ірі халықаралық турнирде  жүлделі орын алған спортшылар лайықты деп танылған. Елімізде 1935 жылы алғаш рет М.Ботвиникке берілген.

Жанкүйерлер тоқсаныншы жылдардың басында жарқылдап көзге түскен апалы-сіңлілі Гүлнар және Эльмира Сахатоваларды ұмыта қойған жоқ. Гүлнар қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш «гроссмейстер» атанды. Ал Эльмира аталған атаққа 1995 жылы қол жеткізді. Осылайша олардың есімі қазақ шахматында жоғары биіктен көрінген алғашқы қарлығаштар есебінде қалықтады. Сол бір кезеңде Ләззат Тәжиеваның есімі құрметпен аталатын.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында жаңа толқын пайда болды. Болат Асанов, Владислав Ткачёв, Серікбай Темірбаев, Муртаз Қажығалиев еліміздегі шахмат спортының беделін биікке көтерді. Астаналық Дәрмен Сәдуақасов 1999 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды. 2008 жылдары Балалар мен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік олимпиадада бір топ  шахматшылар Қазақстанда бұл спорт түрінің ізбасарлары бар екендігін көрсетті.

Қазіргі таңда елімізден мұндай атаққа қол жеткізген Ринат Жұмабаев, Дәрмен Сәдуақасов, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева сынды спортшылар бар.

Жиырма жастан енді асқан қызылордалық Әсел Серікбай жақында осындай зор құрметке ие болды. Ол – облыста аталған атаққа қол жеткізген тұңғыш спортшы. Жерлесіміз бұған дейін түрлі жас деңгейінде 3 дүркін Әлем, 7 дүркін Азия чемпионы атанды. Оған қоса жастар мен жасөспірімдер арасында елімізде 17 дүркін жеңіс тұғырынан көрінді. Ол республика бойынша 9-шы болып, ал облыста тұңғыш рет «гроссмейстер» атағын  иемденді

Қаршадай қыз мектеп табалдырығын аттаған жылы білім ордасында шахмат үйірмесі ашылған еді. Алғашқыда оған жәй әуестік болған шығар. Кейіннен ойлылар ойыны оны өзіне баурай түсті. Отбасында барлығы оның таңдауына қолдау білдірді. Атасы Серікбай күнде түстен кейін үйірмеге апарып, алып  келетін. Немересіне ақыл-кеңес айтып, шахматтың қыр-сырына қанығу қажет екендігін ұқтыратын.

Әрине, шахмат әрбір спортшыдан ұқыптылықты, жауапкершілікті,  қырағылықты  талап  етеді. Әрбір ойын тасын орнымен қозғауың тиіс. Мүлт кеткен қозғалыс кешірмейді. Жас өрен бапкердің үйреткен  тәліміне зейін қойып, білікті мамандардың назарын аудартты. Көптеген бәсекеде өзінің зор қабілетімен көзге түскен Әсел әрбір жарыста жеңіс үшін жанын салды.

– Отбасымда менен басқа шахматқа ерекше қызығушылық білдірген ешкім жоқ. Әкем аздап біледі. Бірақ, онша құмар емес. Ал атам мен үшін оны үйренуге тырысты. Расында, алғашқы күннен болашағымды шахматпен елестеттім. Қазір тәулігіне сегіз сағаттай уақытымды жаттығуға бөлемін. Шынын айтқанда, шахмат менің өмірімде үлкен орын алады. Сол арқылы көптеген елді, жерді көрдім. Жер шарындағы сан алуан халықтың тілі мен дәстүріне көз салып, ой-танымым арта түсті. Шыдамдылықты үйрендім, логикалық ойлануға жол ашты. Көптеген дос таптым, – дейді Әсел.

Биыл Әсел Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдап шықты. Алдағы қаңтар айынан бастап Қызылорда қаласында шәкірт тәрбиелеуді ойластырып отыр.

Қазір әлемде шахматтың беделі асқақтап тұр. Әсіресе талантты жастар көп. Есесіне бұрын-соңды шахматтан шеткері қалып жүрген мемлекеттерден дарындылар шыға бастады.

– Шынын айтқанда, қазір әрбір әлемдік бәсеке тартысқа толы. Бұл шахматтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, Үндістан, Ресей және өзге елдерден келген қатысушылар кездесу барысында қапы қалдыруы ғажап емес. Қазақстандық ойыншылардың жетістігі – бапкерлердің еңбегі, – деді Әсел.

Оның айтуынша, 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионаты өте тартысты болды. Барлық елден келген спортшылардың дайындығы жоғары екені аңғарылды. Десе де өзіне деген сенімділігінің арқасында біздің қыз батырлық көрсетті.

– Әлем чемпионатында қыздар арасында 66 шахматшы бақ сынады. Әсіресе Әзербайжан, Вьетнам, Болгария, Үндістаннан келген спортшылар өздерін жақсы қырынан танытты, – дейді Әсел тағы бір сөзінде.

Қызылордалық шахматшы енді қараша айында Азия чемпионатында бақ сынайды. Оған еліміздің білікті спортшылары қатыспақ. Сырдың мақтанышына сәттілік тілейміз!

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<