Әсемдік әлеміне саяхат

1745

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында С.Айтбаев атындағы облыстық көркемсурет галереясында «Дәстүр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Атадан қалған асыл мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтуде.

Шараны ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс ашып, қазақтың арғы-бергі тарихында төрт рет астана болған, Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің орны оқшау тұратынын атап өтті.

– Сонау хандық дәуірден бері еліміз бірнеше қоғамдық-саяси өзгерістерді басынан өткеріп, бүгінде тәуелсіз, зайырлы мемлекет ретінде әлемге әйгілі болды. Ата Заңымыз қабылданып, шекарамыз бекітілді. Ел дамуының стратегиялық басым бағыттары айқындалды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық кодымызды сақтап қалу, тарихи-мәдени құндылықтарды терең тану мәселесі басты назарға алынды. Осы тұрғыдан келгенде, салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды ұлттық құндылығымыз Сыр бойында ерекше сақталған. Мемлекеттік тілдің де мәйегі бұзылмаған. Қолөнер кең қанат жайған. Қарасаңыз, әр шебердің туындысы бір-біріне ұқсамай, өзіндік даралығымен  сипатталады. Сондықтан ұлттық дәстүрді ұлықтап, қолөнерді дамытуға барынша қолдау танытуға тиіспіз.

Әсемдік әлеміне саяхат

Ұлттық құндылықтар жайлы айтқанда мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін ұмытпауымыз керек. Айталық, ол қазақ тілі жөнінде құрылған алғашқы комиссияны басқарды. Ұлттық мерекеміз – Наурыз тойының оралуына, Ресейдегі Эрмитаждан тайқазанды Түркістанға алдыруға, одан бөлек, бірқатар мәдени  ескерткіштерді қалпына келтіруге зор үлес қосқан. Бүгінгі ұрпақ осындай деректерді біле жүргені артық болмайды, – дейді Ержан Уәйіс.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Маханбетов, белгілі қолөнер шебері Пахреддин  Шәмшіұлы да осынау көрмеден ұлттық нақышты айшықтап, тәуелсіздік тақырыбын арқау еткен құнды дүниелердің орын алғанын айтты. Сондай-ақ, шараның ашылуында дәстүрлі әнші Марат Сүгірбай және Қорқыт ата атындағы университет жанындағы «Дәстүрлі өнер» институты әншілері орындаған жыр-термелер, халық әндері мәдени кештің ажарын аша түсті.

Көрмеге облыс аумағынан 30-дан астам қолөнер шебері қатысып, шығармашылық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Оның ішінде металдан, сүйектен, ағаштан жасалған кәдесыйлар, сол сияқты, киізден басылған, жүннен тоқылған, шиге, кенепке бедерленген түрлі бұйымдар өз ерекшелігімен көздің жауын алады. Айталық, Айдана Әлайдарованың киізге басылған «Өмір ағашы» туындысы, аты айтып тұрғандай, адамның жанына жылылық беріп, жүрекке үміт ұялатады. Сол сияқты, оның «Керуен», «Аңшы» атты бұйымдары да – ұлттық бояуы қанық, көрнекті қол еңбегі.

Қолөнерші Ұлмекен Мауытова «Дала әуендері» туындысында киіз бен кенепті жапсарлап, бетіне түтілген жүннен сурет салған. Одан бөлек, бірнеше еңбектері көрмеден орын алыпты. Ал Аружан Тұрлыбек есімді жас қолөнерші  сол жерде саз балшықтан бұйымдар жасап, өз ісінің шебері екенін байқатты. 

Көрме барысында қолөнер шеберлері Жәнібек Маханбет, Пахреддин Шәмшіұлы, Дәулетбек Тойшыбаев, Балжан Сатыбалдиева, Айдана Әлайдарова ағаштан және қыш бұйымдар жасау, киіз бетіне басып, кілемге тоқу арқылы көркем дүниелер дайындау бойынша шеберлік сағатын өткізді. Бұл ретте қолөнершілер өзара тәжірибе алмасты. Айта кетейік, көрме 3 желтоқсанға дейін жалғасады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев және «Дәстүр» қоғамдық қорының директоры Қанат Ақпанов шараға қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<