Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштерді реформалаудың басым міндеттерін нақтылады. Жаңа міндеттер әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен дайындығын, әскери қызметтің беделін арттыруға және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр.
Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде өткен көшпелі брифингте департамент бастығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Алмат Жақыпов айтты.
Қазір елімізде арнайы операция күштері құрылып, жетілдірілу үстінде. Күштік құрылымдардың өзара іс-қимылы және түрлі ведомстволық әскерлер топтамасын бірыңғай қолбасшылықпен қолдану мәселелері пысықталуда. Мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленіп, Қарулы күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалды.
– Армия қызметінің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр, – деді полковник.
Биыл әскерге 750 сарбаз жіберілу жоспарлануда. Осыған дейін ҰҚК шекара қызметіне бір бөлігі аттандырылса, қазір Қарулы күштер қатарына жастарды іріктеу басталды. Бүгінде 4 әскери бөлімге сарбаздар жөнелтілген. Айта кетейік, оқу бітірген 15 студент Мерке қаласына жіберілетін команда қатарында тұр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<