Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды. Ол жыл соңына дейін жалғасады. Облыста бұл науқан жүйелі және қатаң жүргізілуде. Жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру – ұлағатты іс. Осы ретте ұйымдастыру бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.
Биыл күзде барлығы 800-ден астам азамат әскерге жіберіледі. Қарулы күштер қатарына 400, Ұлттық ұланға 300-ге жуық, ҰҚК Шекара қызметіне 200 азамат аттанады деп жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов айтты.
Әскерге шақырудан жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитындар, діни қызметкерлер, педагогика мен медицина саласының қызметкерлері уақытша босатылады. Жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандар әскери міндетті өтемеуге құқылы. Отбасын құрып, балалы болғандар да Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Аталған санаттағы азаматтар ғана әскерден босатылып, айыппұл төлемейді. Ал бұған жатпайтын, денсаулығында кінәрат жоқ, 18 жасқа толған әрбір азамат Отан алдындағы парызын орындауға міндетті, – деді Ж.Шаңқұлов.
Бұл жөнінде жастар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер ұйымдастырылып, әскери борышты өтеу және келісім-шарт қызметінде қалу, одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады. Мерзімді қызметтегі әр әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<