Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде әскери дайындық бағдарламасынан өтіп, жазғы оқу-жаттығу жиынын аяқтаған студенттер әскери ант қабылдады.
Шара барысында ректордың міндетін атқарушы – Стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Нұрлан Оразбаев әскери ант қабылдау маңызы зор құқықтық және саяси-тәрбиелік шара екенін атап өтті.
Ал І оқу взводының командирі, студент Әділет Темірбеков әскери білім мен дағдыға ие болғанын және болашақта запастағы лейтенант әскери атағын алуға мүмкіндік алғанын қуана жеткізді.
– Әскери кафедрада екі жылға жуық уақыт білім алдық. Осы уақыт ішінде жауынгерлік атыс жаттығулары мен техниканы жүргізу бойынша практикалық жаттығулардан өттік. Сондай-ақ, тактикалық жаттығу, дене дайындығы бойынша нормативтер орындадық. Оқу-жаттығу алаңында болып, әскери шеберлікті шыңдадық, – деді ол.
Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрамындағы әскери кафедра 2000 жылы құрылды. Кафедра ҚР Қарулы Күштерінің офицерлік және сержанттық лауазымдарын жасақтау мақсатында білім алушылар қатарынан әскери оқытылған резервті дайындап келеді. Осы уақыт аралығында 3 мыңға жуық студент әскери дайындық курсын бітіріп шықты.
Салтанатты шарада белсенділігімен көзге түскен білім алушыларға алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, әскери кафедраның жеке құрамы салтанатты маршпен өтіп, взвод, рота әндері шырқалды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<