Сарбаз жаттығуда шыңдалады

666

0

Облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының ротасы арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізді.

Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округіндегі «Талдысу» лагерінің базасында өткен жиынға аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген 78 адамнан тұратын әскери міндетті шақырылды.

– Жаттығу барысында жеке құрам білімін жетілдіріп, аумақтық қорғаныс ротасының далалық дағдысы мен үйлесімділігін арттыруды іс жүзінде пысықтады. Бұған қоса, аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттерін орындау кезінде жоғары жауынгерлік пен моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастырды, – деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Керімбай Ойықбаев.

Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде рота жеке құрамы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіріліп, жұмылдыру мәселелері пысықталды. Екінші кезеңінде жауынгерлік үйлесімділікті ұйымдастыру мен өткізу мәселелері атқарылды. Қорытынды кезеңде объектілерді күзетуді күшейту, заңсыз әскери құрамалардың бағытын айқындап жою, жауапты аймақ шегіндегі соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету, қолдау бойынша рота командирінің жұмысы ұйымдастырылды.

Аумақтық әскерлерді құру туралы Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті 2015 жылы қол қойған болатын. 2018 жылдың соңында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды. Тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу – әскери міндеттілерді тиімді оқытудың қажетті шарты.

Мұхит ҚОНАРОВ,

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығылейтенант

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<