Әуелгі міндет – әлеуметтік жауапкершілік

260

0

Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын арттыру – кез келген компанияның басым бағыты және ұстанымы болуға тиіс. Осы мақсатта өткен аптада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының келісім-шарттық аумағы – «Құмкөл» кен орнында арнайы болып, онда еңбек етіп жатқан жұмысшылардың жағдайымен танысты.

Басқарма басшысы ең алдымен өндірістік объектілерде, атап айтқанда, кен орнындағы мұнайды дайындау және айдау, суды алдын ала айыру учаскесі, мұнайды жөнелту бөлімі, зертхана жұмыстарымен танысып, ондағы жұмысшылармен тілдесті. Еңбек және техникалық, өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардан хабардар болып, аталған қауіпсіздік ережелерін оқытуға арналған сыныптарды аралап көрді. Медициналық пункт, асхана, спортзал, тұрғын жайлар мен демалыс бөлмелеріндегі жұмысшыларға жасалған жағдаймен жіті танысып, олармен пікір алмасты.

Мұнан соң Ғабит Жұмабекұлы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек ұйымдастыруға белсене қатысқан кәсіпорын жұмысшыларын салтанатты түрде марапаттау шарасына қатысып, оларға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатын тапсырды.

– Өздеріңізге мәлім, сәуір айының басында елімізде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан қиын-қыстау сәтте Сыр өңірінің азаматтары да табиғи апаттан зардап шеккен халықпен бірге екендігін танытып, азаматтық пен елжандылықтың үлгісін көрсетті. Соның ішінде, он беске жуық ұлт өкілі татулықта, ынтымақ-бірлікте еңбек ететін «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Тұрғанбайұлының бастамасымен, облыс әкімдігінің, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының қолдауымен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының үйлестіруімен өңірде алғашқылардың бірі болып 50 млн теңгеден аса қаражатқа су апатынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Құлсары қаласына 10 үлкен жүк көлігімен гуманитарлық көмек берді.

Бұл – осы компанияның жасап жатқан алғашқы игілікті жұмыстары емес. Аймақтағы мұнай-газ саласының алға басуынан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсуінде ерекше орын алатын кәсіпорын осы уақытқа дейін облыстағы әлеуметтік саланың дамуына 4,8 млрд теңгеден астам қаржы салды. Компанияның арқасында өңірдің экономикасына 250 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ерекше атап өтерлігі – акционерлік қоғам өзінің қызметінің басынан бастап 2023 жылға дейін қазақстандық және жергілікті мамандарды оқытуға 2,7 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады. Өңірдегі түрлі қайырымдылық шараларына 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Мәселен, Талсуаттағы оңалту орталығы, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, Қарттар үйі, арнайы түзету мектептері, зағип, мүгедек жандардың қоғамдық қорлары, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға компания жиі көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, акционерлік қоғам жергілікті спортшылардың түрлі халықаралық байқауларға қатысуына қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Қоғам 2022 жылы барлық жұмысшылардың еңбекақысын 30%-ға, 2023 жылы 15%-ға, 2024 жылы 10%-ға көтеріп, оларға үнемі жағдай жасап келеді. Мұнай-газ саласындағы бірегей кәсіпорынның халық және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі ескеріліп, 2009 жылы кәсіпкерлерге арнап тағайындалған «Парыз» мемлекеттік конкурсының Гран-при жүлдесін жеңіп алып, «Әлеуметтік жауапкершілік көшбасшысы» атанды. 2022 жылы осы конкурстың «Өнеркәсіптегі қауіпсіздік» номинациясы бойынша күміс жүлдегері болды. Қорыта айтқанда, жұмысшылар мен өңір халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілік – әрбір компанияның басты бағыты, ұстанымы және елдік парызы болуы қажет, – деді өз сөзінде Ғабит Жаңабаев.

Сондай-ақ шара барысында «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева компания жұмысшыларына Қызылорда қаласы әкімінің, «Amanat» партиясының марапаттарын табыс етті.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

«Торғай-Петролеум» АҚ бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<