Әуесқой «бағбан» бес жылға бас бостандығынан айырылды

335

0

Қызылордада жылыжайда есірткі еккен азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот өз ауласындағы жылыжайда есірткі еккен Қызылорда тұрғынына қатысты үкім шығарды. Наурыз айында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қызылорда облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөлімшесімен бірлесіп, 57 жастағы қызылордалықты ұстады және оның ауласынан арнайы жабдықталған есірткі жылыжайын анықтады.

Бағбаннан бес литрлік кесілген пластикалық бөтелкелерге, полиэтилен пакеттерге және гүл құмыраларына отырғызылған 37 марихуана бұталары мен 145,97 грамм тұқым тәркіленді. Сондай-ақ, тінту кезінде 1 келі 710 грамм кептірілген қарасора, тіркелмеген аңшы мылтығы мен қару-жарақ бөлшектері табылды.

Енді алдағы бес жылда әуесқой “бағбан” өз уақытын колония аумағындағы өсімдіктерге күтім жасап өткізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<