Әуезов театрының гастролі басталады

3439

0

Фото: ашық дереккөз

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры 4-8 желтоқсан аралығында Қызылорда қаласына гастрольдік сапармен келеді. Қойылымдар Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында сахналанады. Өнер көшінің рухани керуенінде халық аңсап күтіп жүрген айтулы бес қойылым бар.

Алғашқы спектакль 4 желтоқсан күні халыққа ұсынылады. Ол – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы. Атақты «Қарагөзді» әр ұрпақ өзінше зерделейді. Бүгінгі таныммен бұл – аталас жақындығы бар Қарагөз бен Сырымның ұлттық дәстүрге кереғар махаббат трагедиясы ғана емес, уақыт пен қоғам трагедиясы. Жан шырылын ешкім естімей Қарагөз ақыры өмірден баз кешеді… Әрқайсысының өз шындығы бар кейіпкерлер бәрі жеңіліс табады. Неге? Мұншалықты қасіретке жол бермеу мүмкін бе еді? Адамның жан дүниесіне терең үңілтетін қойылым өзекті өзге де күрделі сауалдарды алға тартады.

Ал ертеңіне Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» аңыз-дастаны сахналанбақ. Онда Қорқыт бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған сахналық түйсіктің бейне-тұжырымын көресіз. Бұл қойылым – өркениеттің, мәдениеттің, өнердің, күйдің, қасиетті де киелі рухани ұғымның жаназа-реквиемі.

«Қорқыттың көрі» – діндер астасуы… Қойылым оқиғасы Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. заманына жақын тұста Баят (Сырдария өзені) бойында өтеді. Адамдарға дүние-кезек екенін ұқтырады.

Одан соң, 6 желтоқсан күні Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы көрерменге жол тартады. Көрнекті орыс драматургы А.Володиннің терең психологизмімен ерекшеленетін пьесасына ажырасуға бел буған сегіз отбасының тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады. Бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұр. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа сот барын салады. Алайда өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдаудан, түсінуден қалған…

Шарттылық белең алатын қойылымда әр кейіпкер әртүрлі танымын, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни әрбір адам – жеке әлем, тек сол әлемге үңілу, оны түсіне, қажет болса кешіре білу – үлкен қасиет. Негізінен театрдың жас буыны қатысатын спектакль өмірдің осы бір қарапайым да күрделі пәлсапасы туралы ойларға жетелейді.

Абайдың қара сөздері желісімен жазылған «Қара» драмасы 7 желтоқсан күні сырбойылықтарды ғибратқа жетелемек. Спектакль пікірталас формасында қойылған. Жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль ақынның кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді.

Желтоқсанның 8 күні театр ұжымы өнер сапарын Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясымен қорытындылайды. Көрнекті жазушы-драматургтің екі бөлімді музыкалық комедиясы араға бес жыл салып сахнаға қайта оралды.

Бес бойдақ – Қырманбай шал және оның ұл-қыздары. Жер ортасынан ауғанда кемпірі дүние салған Қырманбайдың ұлдарының тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмайды, сондықтан өз әулетінің ертеңіне алаңдаулы, ал ұлдары болса әкесін үйлендірмек болып әлек…

Бүгінгі күн мәселесін ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарастыратын әзілге толы қойылымда әсем ән мен қазақы қалжыңдар жалпы атмосфераны жандандыра түседі.

Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының тарихи тамыры Сыр елінен нәр алады. Ол Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен алғаш рет шымылдығын ашқан еді. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<