Әулиесін ардақтаған халықпыз

740

0

Қазақ қашанда әулие-әмбиесін, бабалардың рухын ардақ тұтқан халық. Содан болар, облыс әкімінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сыр бойындағы Оқшы ата, Төлегетай ата, Хорасан ата кесенелеріне зиярат етуге және Сығанақ қалашығына Қызылорда қаласынан 30-дан аса еңбек ардагерлері сапарлап барып қайтты. Оның құрамында қалаға қарасты 2 кент пен ауылдардың және әр саланың еңбек ардагерлері бар. Әулиелерге зиярат етушілерді облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Өмірбек Шәменов бастап алып жүрді. Сапар барысында ардагерлердің денсаулығына қарайтын бір дәрігер және көңіл-күйлерін көтеретін өнерлі жастар болды.

Зиярат етушілер қасиетт жұма күні облыстық «Ардагерле үйі» алдына жиналып, арнайы автобусқа отырды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сапар барысына тоқталып, ақжол тілеп, жолға шығарып салды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дәріскері Шамшахар Қанқожаева әулиелердің өмірлері туралы қысқаша баяндап, басқа да ақпараттармен хабардар етті. Қаладан шыға тегіс жолға түскен үлкен автобустың тынысы ашыла арқырай жөнелді.  Әні-міне дегенше, Шиелі төңірегіндегі «Оқшы ата» мазаратына келіп жеттік. Ондағы Есабыз баба мешітіне кіріп жеті әулиеге арнап құран бағышталды. Кешен ішінде жатқан Асанқайғы ата, Қыш ата, Оқшы ата, Ғайып ата, Есабыз баба секілді әулиелер мен қатар жатқан Бала би, Досбол датқа сияқты дара тұлғалар кесенесі орын тепкен. Солардың мазарларына барып тәу етіп, зиярат жасалып, дұғалар оқылды. Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  «Оқша ата» кешенінде болып, ол жерде рухани орталыққа айналдыру мәселесі қаралғанын естіп, көңіліміз көтеріліп қалды. Кіре берістегі темір шарбақтар жаңартылып, жаңадан майланып сырланғанын білдік. Алдағы уақытта кешен маңы адам танымастай өзгертілетінін Есабыз мешітінің имамы аузынан естідік. Ылайым, жақсы істеріміз көп бола бергей,- жаңақорғандағы Хорасан ата мазаратына бет түзедік.

Хорасан ата кешені алдынан ардагерлерді «Хорасан ата» қоғамдық қорының президенті  Асылбек Айтжанов, Хорасан ата ұрпағы Мұхтар Бұрханоов, және әулие басында жұмыс істеп жүрген жанашыр жандар қарсы алды. Осы жерде түстеніп алған ардагерлер Хорасан ата кешенін аралауға шықты. Кешен басында халық үшін жасалып жатқан жақсы істердің куәсі болдық. Кешен жолдары заманауи талапқа сай жаңартылып жатыр екен. Қызу жол құрылысы жүруде. Кешен басына салынған үйлер мен қонақжайда күндіз-түні жарық жанып тұр. Заманауи талапта қонақ үй жұмыс жасап тұр. Жарық-жылудан ешқандай мәселе жоқ екенін білдік.

Хорасан ата басына келушілердің көптігі соншалықты жылына 10 мыңнан аса адам келіп, кешеннің тарихымен танысады екен. Осы бастаманы ұлғайту үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, алдағы уақытта рухани орталыққа айналдыру жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғажабы кағбаның көшірмесі жанындағы құдық суының адам жанына емдігі мол екендігі айтылды. Біз бұл жерде біраз керекті, қажетті дүниелермен таныстық, білдік.

Бұдан соң Төлегетай атаның мазаратына барып құран оқылды. Одан кейін жолдағы «Сығанақ» қалашығына күн ұясына отыра жеттік. Осы соңғы межелі жерді аралап болған соң, Қызылордаға қарай бет түзедік. Сапарымыз осылай сәтті аяқталды.  

«СБ» ақпарат

Әулиесін ардақтаған халықпыз
Әулиесін ардақтаған халықпыз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<