Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы Бақытжан Сайлыбаевтың төрағалық етуімен кезекті рет өтті.
Онда COVID-19 індетінің таралу кезеңінде мектеп оқушылары мен студент жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, карантиндік шектеулерге байланысты оқу процесін қашықтан ұйымдастырудың мүмкіндіктері сөз болды. Елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, штаттық режимде жұмыс істейтін шағын мектептердің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай ұйымдастыру даярлығы пысықталды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова, жоғары оқу орындарының ректорлары Бейбіткүл Кәрімова, Қуаныш Дәуренбеков, Абзал Шегенбаев хабарлама жасап, білім беру ұйымдарының ерекше жағдайда басталатын жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде сөз етті.
Онлайн режимде ұйымдастырылған жиынға қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар департамент, басқарма басшылары, «Қазақтелеком», «Транстелеком» мекемелерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында кеңес мүшелері елді мекен тұрғындарының жоғары жылдамдықты, кең жолақты интернет желісіне қолжетімділігі, тұрмысы төмен, көпбалалы мұқтаж отбасылардың мектеп жасындағы балаларын компьютер, планшет, ноутбукпен қамтамасыз етілуі төңірегінде ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<