Ағарған – молшылық көзі, алайда…

923

0

Ағарғансыз бұрын да, қазір де күн көре алмаймыз. Бірақ тұтынушы қолдың сүт-қатығын емес, қораптағы дүкендікін сатып алады. Ауылдың өзінде қорасына мал асырап, айран-сүтін ішіп отырғандар аз. Құрттың да бағасы аспандап барады. Бүгінде екі ұртын құртқа толтырып жүрген  балаларды да көрмейтін болдық. Бүлдіршіндер ұнтақ және қораптағы сүтпен жетіліп келеді. Ал оның жас ағза үшін пайдасы шамалы.

Мынадай қызық ақпаратты көзім шалып қалды. Әлемде ең ұзақ өмір сүретін елдердің ішінде тау халықтары көш бастап тұр. Кавказдық жүзден асқан қариялардың ғұмырының ұзақ болу себебін зерттегенде, олар негізгі  тағам  ретінде піскен сүт, айран, қаймақ, ірімшік, т.б. сүт өнімдерін тұтынатынын анықтаған. Шығыс Африкадағы кейбір тайпалар тек қана сүт өнімдерін қорек еткендіктен жүрек, қан тамырлары ауруларына, инфарктке өмірі шалдықпаған деген деректер бар. Ал біз ше? «Мал-жаның аман ба?» деп әуелі қорадағы төрт түліктің амандығын сұрайтын қазақ неліктен атакәсіптен алыстап кетті?

Бағзыдан тіршілік көзі саналған төрт түліктің берер пайдасы мол. Бірақ бейнеті де жетерлік. Бүгінгінің адамы таң азаннан кешке дейін жұмыста жүргендіктен, малдың күтімін қиынсынады. Сондықтан дайын өнімді сатып алғанды  жөн көретін секілді.  Қыстың күні қолдың сүті мен қатық-айранның бағасы жазға қарағанда біршама қымбаттайды. Мұның себебін мал баққандар жем-шөп бағасының көтерілуімен байланыстырады. Жеке шаруашылық иесі Махаббат  Кенжеғұлованың айтуынша, сүтті жануарларды өсіру тиімсіз, табыс әкелмейді. Одан да ет бағытындағы мал өсіріп, сатқан дұрыс. Бірақ тұрақты тұтынушыларды ұстап тұру үшін өзгелерден қолдың сүтін қабылдап, одан құрт істеп, май шайқап сатқан әлдеқайда өнімді екен.

– Көпбалалы отбасымыз. Атакәсіппен айналысып, бала-шағаны асырап келеміз. Қыстың күні сиыр сауу оңай емес, желініне де күтім керек. Сүт  өнімдерін сатқаннан гөрі, ет бағытындағы  шаруашылыққа бет бұрдық. Өйткені, еңбекті ақтамайды. Қолдың сүті қазір ең арзаны – 300 теңге. Үйіне жеткізіп беретіндер 400 теңгеден сатады. Ал оны алып сататындар тағы 50 теңге қосады. Байқасаңыз, ағарған сататын дүкендерде оның бағасы қымбат. Ауылдық жерден арзанға алып, үстіне қосып сатқан тиімді. Ал бар бейнетін тататындардың еңбегі арзанға бағаланады. Жазда бағасы тіпті төмендеп кетеді.

Пісімшілік кезінде жұртшылық ағарғаннан гөрі, жеміс-жидек, қауын-қарбыз алады. Оның үстіне жазда сүт тез бұзылады. Тоңазытқышта тұрса да, дәмі өзгеріп кетеді. Сақтау қиын. Сондықтан мен қазір ауылдағы бірлі-жарым сиыр ұстайтындардан сүт қабылдап аламын. Одан құрт қайнатып сатамын. Қазір құрттың түрі көп болғанымен, сапасы төмен. Көбі қайнатпай жасайды. Ал біз барлық талаптарымен дайындаймыз, – дейді ол.

Технолог мамандар сүтте тірі организмдердің өсуі мен дамуы үшін қажетті заттардың екі жүзге жуық түрі барын алға тартады.  Олар – ақуыздар, май, минерал тұзы, түрлі дәрумендер, сүт қанты, ферменттер, т.б заттар. Аталғандардың барлығы адам ағзасына жұғымды әрі тез сіңеді.

Сүт – ең арзан кальций көзі. Кальций сүйек құрылымын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге жүректің жұмысын, қанның айналымын, бұлшық еттер мен жүйке жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді. Оның құрамында ақуыздар, май, кальций, калий, магний, натрий және A, B, D витаминдері бар. Күніне кем дегенде  толық 2 стакан сүт не айран,  йогурт, сондай-ақ 1-2 тілім ірімшік қолданған адамның дені сау, ағзасы дәруменге бай болады. Сүтті тек таңғы аста  ғана емес, сонымен бірге оны шөл қандыру үшін күні бойы ішуге болады.

Еліміздегі сарапшылардың айтуынша, сүт өнімдерін аз тұтыну салдарынан остеопороз дерті (сүйекті зақымдайтын созылмалы жүйелі ауру) кеңінен таралуы мүмкін. Ресми мәліметке сүйенсек, қазақстандықтардың сүт өнімдерін пайдалануы күніне 700 граммды құрайды. Дәрігерлер Қазақстандағы остеопороз дертінің 2012 жылдан бері өскенін айтады.

Қозғап отырған негізгі тақырыбымызға қайта ойыссақ. Облыстық статистика департаментінің баспасөз хатшысы Ермек Нұрмахановтың мәліметінше, сүт және сүт өнімдерінің бағасы өткен жылы 31,3 пайызға артқан. Ал облысқа Ресейден 11,3 мың долларды құрайтын 9,5 тонна сүт өнімдері импортталған. Біз дүкен сөрелеріндегі қораптағы  сүт бағаларын бағамдап көрген едік. Айталық, «Мое» 2 пайыздығы 620 теңге, «Простоквашино» 1,5 пайыздығы 915 теңге, «Милко» 2,5 пайыздығы 449 теңге, «Мумуня» 2 литрлік 828 теңге шамасында екен. Бағаның  қымбаттауына оның шикізаты мен сыртындағы қораптың да әсері бар. Ол да өсіп бара жатыр. Сонымен бірге жемнің бағасы, басқа да факторлар  әсер  етеді.  2022 жылдың маусым айының қорытындысы  бойынша сүт бағасы бір айда 2,4, жыл басынан 17,2 және бір жылда 21,5%-ға өскен. Салыстыра кетсек, 2021 жылы бағаның жылдық өсуі тек 9,5%-ды құраған.

– 2022 жылы қаңтар-мамыр айларында сұйық өңделген сүт пен кілегей өндірісі 235,3 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 7%-ға аз. Бұл – 6 жылдық үздіксіз өсуден кейінгі ұқсас кезеңдегі көрсеткіштің алғашқы төмендеуі, – дейді сарапшылар. Сонымен қатар зерттеушілер сүт пен кілегей өндірісінің жартысы тек Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) және Алматы (44,2 мың тонна) облыстарына тиесілі екенін нақтылап отыр. Өндірістің айтарлықтай көлемі Ақмола (34,2 мың тонна) мен Қостанай облысында (28,5 мың тонна) байқалып отыр. Ішкі нарықта өткізу көлемі 3,7%-ға, 192 мың тоннаға дейін қысқарған, ал экспорт екі есе, яғни 5,6 мың тоннаға дейін төмендеген.

Жуырда «Атамекен» Ұлттық палатасының ресми сайты Сүт одағының басшысы Владимир Кожевниковтің мәлімдемесін жариялады. Кәсіпкердің айтуынша, 1 келі сарымай өндіру үшін 22 литр шикі сүт қажет. Сүттің құнын ескере отырып, кәсіпорындардың басқа шығындарын есепке алмағанда, өнімнің тек шикізаттық өзіндік құны шамамен 4 мың теңге болады.

–        Сүт өңдеушілерге субсидия жазда шикі сүт сатып алу және өнім өндіру үшін керек. Сыртқы факторларға байланысты шикізат бағасы үнемі өсіп келеді. Мысалы, кейінгі екі жылда шикізат сүтінің құны 1 келі үшін 126,9 теңгеден 204,2 теңгеге, яғни 61%-ға дейін қымбаттады. Тиісінше сары майдың шикізат құны 45,5%-ға артты, – дейді Сүт одағының басшысы.

Өңдеушілердің   айтуынша,   өкінішке қарай, Ауыл  шаруашылығы министрлігі саланы қолдау тәсілдерін таңдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет берген ұсынымдарды негізге алған. Антикор берген ұсынымдарда субсидиялау кезінде кез келген сыбайлас жемқорлық және қаржылық тәуекелдерді жою қажеттілігі айтылған. Осылайша министрлік  субсидияның басты мақсаты – өндірістің өсуін ынталандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және импортқа тәуелділік пен өзіндік құнын төмендету екенін ұмытып кетті.

Ұлттық палата деректеріне сүйенсек, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде республикада сүт өнімдері өндірісі артқаны байқалады.  Кейінгі 5 жылда отандық өндіріс есебінен республиканың сарымаймен қамтамасыз етілуі 74-тен 97%-ға дейін өскен. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді. Бірақ министрлік тарапынан субсидиялауға жаңа тәсіл енгізілуі жағдайды күрт қиындатады, бәсекеге қабілетті болуды төмендетеді, жаздыгүні шикі сүт сатып алу мүмкіндігін жойып, өнімдердің қымбаттауына түрткі болады.

– Қазақстанда шаруашылықтар күзгі-қысқы кезеңде сүт өткізуді тоқтатады. Осыған байланысты сүт өңдеуші кәсіпорындар шикізат тапшылығының туындау қаупін біліп, жазда дайын өнімді жаппай жинау науқанын жүргізеді, ал оны кейін сатады. Жазғы кезеңде сүт өнімдеріне, оның ішінде сарымайға сатып алу сұранысы маусымға қарай төмендейді, – деді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсем Серікбекова.

 Қаймақ қатып, қою шай ішетіндер  қораптағы сүтке әбден үйрендік. Омырау сүтіне жарытпайтын жас аналардың қатары да артып барады. Олар емханадан беретін ұнтақ сүтпен нәрестесін жетілдіріп келеді. Ал емдік қасиеті мол ешкі сүтінің бағасы кемі 600 теңге болса, кейбіреулер оны 800, ал Алматы секілді үлкен қалаларда литрі мың теңгеден сатылуда. Бір танысымыз бірнеше сүтті ешкі сатып алып, күніне 30-40 мыңдап ақша табуға болатынын айтқан еді. Қорамызға сиыр ұстамасақ та, екі ешкі байласақ, ұтылмайтын шығармыз. Қалай ойлайсыз?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<