Белгілі қаламгер Ерғали Абдулланың өмірден түйген ойларын жинақтаған «Ағаш қазан астындағы от» атты кітабы жарыққа шығып, оқырмандар олжасына айналды. Кітапта бүгінгі уақыттың әлеуметтік мәселелері мен адам баласын толғақты ойға түсіретін жазбалар жетерлік. Бұл жайында айтпас бұрын Ерғалидың шығармашылық жолына сәл-пәл шегініс жасалық.
Ерғали Абдулла айдынды Арал өңірінде табан аудармай ұзақ жылдар ұстаздық етті. Сондай-ақ жастайынан қолынан қаламы түспей келе жатқан жазушы-журналист. Әдебиеттің бірнеше жанрында жарық көрген «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Өмірімнің өлеңдері», «Ақиқаттың ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы» атты кітаптары оқырмандардың қолына тиген.
«Ағаш қазан астындағы от» атты кітапқа қаламгердің өмірден түйген ойлары моншақтай-моншақтай әңгіме түрінде енген. Қысқа да нұсқа ойларының арғы жағында бүгінгі уақыттың әлеуметтік көкейтесті мәселелері, қоғамды ойлантатын уытты жайлары жатыр.
Автор әр ойының астарынан өзінің жеңіл юморын және қиюлы ирониясын сездіріп қойып, кітапты қолға алған оқырманды бейжай қалдырмайды. Жазушының өзгеше өміртанымы баршаны қызықтырары және де айнала-дүниеге ойлы, сындарлы көзбен қарауға жетелейтіні сөзсіз.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<