Ағза мен қоршаған орта тарауын оқытудың әдістемелік ерекшеліктері

1473

0

Биология пәнін оқытуда білім алушының танымдық белсенділігін, пәндік қажеттілігін және ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін ескеріп STEM тәсілін қолданған тиімді. «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының базасында «Биология пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында семинар сабақ өтті. Біліктілік арттыру курсы аясында ұйымдастырылған сабақ «Ағза мен қоршаған орта тарауын оқытудың әдістемелік ерекшеліктері» деп аталды.

Мұғалімдер алдымен оқу мақсаттары негізінде STEM тәсіліне бағытталған сабақ құрылымын жасады. Сабақ барысында білім алушының STEM-оқытуда қалыптасатын негізгі дағдылары мен құзыреттіліктерін талқылады:

  • сұрақтар (ғылым) қою және міндеттерді қабылдау (инжиниринг);
  • модельдерді жасау және пайдалану;
  • зерттеулерді жоспарлау және жүргізу;
  • деректерді талдау және түсіндіру;
  • математикалық операциялар мен есептеулерді жүргізу үшін қажетті ойлау түрлерін дамыту және пайдалану;
  • түсіндірме (ғылымға негізделген) бере білу және жобалау шешімдерін таба білу (инжиниринг);
  • бар фактілердің негізінде дәлелдей білу;
  • ақпаратты алу, бағалау және ұсына білу.

Топтық жұмыс арқылы мұғалімдер STEM тәсілінің 4 бағытын (ғылым, технология, инженерия, математика) бір сабақ аясында интеграциясын көрсете алды. Сондай-ақ, оқушының пәнге қызығушылығын арттыру, танымдық дамуын жетілдіру, модельдерді жасай білу дағдыларын дамытатын «Инженерия» бағытына «Табиғи қоректік тізбек», «Ерекше қорғалатын ҚР табиғи аймақтарының өсімдіктері мен жануарлары», «Арал теңізінің экологиясы», «Пестицидтерді пайдаланудың қоршаған орта мен адам денсаулығына әсері» бойынша модель, макет, пано құрастырып, тәжірибе алмасты. Сабақ соңында топтық жұмыс нәтижелері бойынша сындарлы кері байланыс берілді.

Жанар ЖУБАУОВА,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының тренері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<