Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның бірі – 2001 жылы құрылған «Аграрлық несие корпорациясының» активтері 1 трлн.теңгеден асады.
Осы уақытқа дейін 79 мың азаматқа өз кәсіптерін ашу үшін қолдау көрсеткен аталмыш несие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласының 80 пайызын несиелендіруде. Ал биыл «Аграрлық несие корпорациясы» Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласымен айналысуға ниетті азаматтарға 9 млрд.теңге бөлуді қарастырып отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев хабарлады.
-Аграрлық несие корпорациясы кәсіпкерлерге бірнеше бағытта қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, аталмыш саламен айналысқысы келетін жандарға тікелей және екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіреміз. Бұдан бөлек, біздің корпорация несиелік серіктестіктермен қатар микроқаржылық ұйымдармен тығыз байланыста. Ал Қызылорда облысында 8 несиелік серіктестік қызмет етеді. Биыл Сыр өңіріне ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 9 млрд.теңге бөлінсе, оның 5 млрд.теңгесі игерілді. Ал жыл соңына дейін қалған 4 млрд.теңге жоспарға сәйкес игеріледі. Сондай-ақ, несие алушыларға тиімді жағдай жасау мақсатында мобильді қосымша енгізуді қолға алып жатырмыз. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендерде тұратын жандарға тиімді болмақ. Жыл соңына дейін несиелік шарттарды онлайн тіркеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар кепіл мүліктерді арнайы платформа арқылы нарықтық бағада сәйкестендіретін боламыз. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының кепіл мүліктерін арзандатуға жол бермейді, – деді басқарма төрағасының орынбасары Айдын Еділханұлы.
Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» 4 бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және осы жылы іске асқан «Жастарға арналған микроқаржыландыру» бағдарламасы өз жұмысын бастады.
-Көктемгі егін және өнім жинау жұмыстарына арналған «Кең дала» бағдарламасының жылдық пайызы – 5 процент. Ал «Агробизнес» бағдарламасы ауыл шаруашылығы саласының кез келген бағытын қаржыландырады. Жылдық пайызы – 6 процент. Үшінші «Іскер» бағдарламасы кәсібін енді бастап жатқан азаматтарға арналады. Бұл бағдарламаның жылдық пайызы – 6 пайызбен 7 жыл мерзімінде беріледі. Ал биыл басталған жаңа жоба «Жастарға арналған микроқаржыландыру» бағдарламасы 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие қарастырылған. Жылдық мерзімі – 5-7 жылды құрайды, – деді «Аграрлық несие корпорация» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов.
Айта кеткен жөн, «Аграрлық несие корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша жыл сайын 10 млрд.теңгеге жуық қаражатты игеруде. Соның негізінде мыңнан астам кәсіпкер қаржылай қолдауға ие болды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<