Аграрлық саясатта асқан ұқыптылық қажет

558

0

Кеше Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ведомство басшысына Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

– Соңғы жылдары орын алған су тапшылығына қарамастан, Сыр диқандары Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егіннен мол өнім алып, салада өсім динамикасы қалыптасты. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі өткен жылдың қорытындысымен 6,3 пайызға артты. Былтыр ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,9 млрд теңге инвестиция салынып, 2021 жылмен салыстырғанда 8%-ға артса, биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  13,2%-ға өсті.  Өткен жылы саланы субсидиялауға 11,9 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 млрд теңге қаралды. Сыр диқандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 83,9 мың гектар көлемінде межеленген, –  деді аймақ басшысы.

Өткен жылмен салыстырғанда облыста жалпы егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғаяды. Оның ішінде күрішті 5,3 мың, малазықтық дақылдарды 2,3 мың, картоп, көкөніс, бақша егісін 222 гектарға арттыру көзделуде. Вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егін көлемі нақтыланады.

Су тапшылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін кейінгі екі жылда облыста күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылды. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар 17,1 мың гектарға  арттырылды.

Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы биыл 667 гектарға егін егіледі. 2030 жылға дейін оның көлемін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарда тұр. Биыл Украина ғалымдарымен тәжірибе ретінде демонстрациялық алқапқа әртараптандыру бағытындағы дақылдарды егу қолға алынды. Қазір көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқаны кестеге сай жүруде. Диқандар тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармаймен толық қамтылған.

Ербол Қарашөкеев биылғы субсидиялау ережелерімен таныстырып, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін талқыға салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауылдық аумақтарды дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл мақсатта арнайы тұжырымдама қабылданды. Ол ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және оларды кооперациялауға, жергілікті тұрғындардың іскерлік белсенділігін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде алдағы уақытта арнайы «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынады. Осы бағытта биылғы жылы Қызылорда облысына 3 млрд теңге бөлініп отыр. Қаржы микрокредиттер беру, жұмыс орындарын құруға қаралған, – деді министр.

Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперациясы арқылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру ойластырылуда. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларының оң тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату жоспарланып отыр. 

– Қазіргі уақытта елімізде егін науқаны басталды. Үкімет тарапынан маңызды науқанды сәтті өткізу үшін барлық тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Оған 140 млрд теңге қаралған. Бұл мақсатта Қызылорда облысына 2,2 млрд теңге жұмсалады. Сыр өңіріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 12,1 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп отыр, – деді министр.

Министр ауыл тұрғындарын жер мәселесі толғандырып жүргенін атап өтті. Әсіресе, ел арасында жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылым жайы жиі қозғалады. Жекешелендіруге дейінгі елді мекендердің мал жаюға арналған жер көлемі сол кездегі шеңберінде қалып отыр. 

– Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысының жеке шаруа қожалықтарының мал саны бірнеше есеге артты. Ал жер көлемінің аздығынан проблема туындады. Қолданыстағы жалпыға ортақ жайылым тиімсіз пайдаланылады. Қазір осы бағытта жұмыс жасалуда. Жалпы Қызылорда облысы бойынша өткен жылы 157,3 мың гектар жер мемлекет құзырына қайтарылды. Президент тапсырмасымен былтыр осындай мақсатпен қайтарылған жер 5 млн гектарды құрайды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, дәл сондай көлемде жерді қайтару жоспарланып отыр. Олардың барлығы халықтың игілігіне беріледі, – деді. 

Жайылымдық жерлерді пайдалануда тиісті ережелерді қатаң сақтау керек. Бұл орайда жауапкершілік жергілікті әкімдіктерге жүктеледі. Қазір жер үлесі иелерінің проблемасын шешу күн тәртібінен түспей тұр.

– Сыр өңірінде бұл өзекті екені сөзсіз. Бастысы, жер үлесі иелерінің мүддесін заңдық тұрғыдан қорғауға көңіл бөлініп отыр. Осы орайда қазір арнайы комиссия түйткілдерді шешумен айналысып жатыр. Ол қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Соның нәтижесінде жиналысты өткізу мерзімін белгілеу, жерді кепілге беру кезінде ортақ үлестегі меншіктің барлық қатысушыларының нотариалды келісімін міндетті түрде алу талап етіледі. Жер үлесі иелерінің құқықтарын сақтау, бақылау жөніндегі жер ресурстарын басқару комитетінің құзыретін кеңейту және ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу нормалары қарастырылуда, – деді министр.

Сондай-ақ, қазіргі таңда аграрлық ғылым жүйесін жетілдіру міндеті тұр.

– Сыр өңірінде күріш ғылыми-зерттеу институты бар. Оған министрлікпен қатар жергілікті әкімдіктерді акционер ретінде кіргізуге ұсыныс енгізілуде. Кейінгі жылдары аймақта су тапшылығы туындап отыр, әрі жылма-жыл қайталанып келеді. Сол себепті біз суды тиімді пайдалану жағдайына кірісуіміз керек. Мәселен, күріш шаруашылығында жаңа технологияларды пайдалану қажет. АҚШ-та кейбір дақылдарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Министрлік өз тарапынан трансшекаралық өзендер суын әділ түрде бөлу жөнінде тиісті іс-шараларды қолға алып келеді. Алайда, қолда бар суды үнемді пайдалану, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін кезең-кезеңімен қысқарту, әртараптандыру жұмыстарын жолға қою табанды еңбекке байланысты, – деді Е.Қарашөкеев.

Жиын барысында «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев ауыл аумағындағы жайылымдық жерлерді игеру және аграрлық салаға жас мамандар тарту мәселесін қозғады.

– Сөз басында айтып өткенімдей, мақсатсыз және тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлер қайтарылады. Десе де жалпыға ортақ жайылымды пайдалануда ауызбірлік керек. Министрлік тиісті іс-шараларды қолға алып отыр. Ал ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуда қай өңірде де өзекті мәселе бар. Бұл проблеманы әрбір шаруашылық өзінің есебінен шешуге мүмкіндік тапқаны да жақсы. Ол үшін ауыл жастарына жоғары оқу орындарында білім алуына арнайы гранттар тағайындауға көңіл бөлгені артық емес. Еліміздің кейбір өңірлерінде мұндай оң тәжірибе кездеседі, – деді министр.

 Сондай-ақ, «Ақжарма және К» ЖШС бас агрономы Ғалымжан Ізтілеуов, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов ұсыныс-пікірін жеткізіп, оған байланысты тиісті жауабын алды.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, қала және аудан әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, өз сұрақтарын қойды.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сыр өңіріне сапары барысында Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын көріп, республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарға дайындық мәселесін пысықтады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<