Аграрлық салада алаңдатар мәселе көп

1289

0

Бейсенбі күні «Достық үйінде» облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және «Шопан Ата» Қазақстан Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланған  жиын өтті.

Қауымдастық бастамасымен өткізілген басқосуға облыстың түкпір-түкпірінен шаруашылық өкілдері, фермерлер келіп, егін, мал шаруашылығында күйіп тұрған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, дария деңгейінің төмен түсунен туындайтын проблемалар, құдықтарды тазалау, скважиналар қазу, ауыл шаруашылығын субсидиялау мен несиелендіру, мал азығының қымбаттауы, жер мәселесі, көктемгі егінге дайындық барысы кеңінен сөз болды.

Облыс басшысы әрбір мәселенің өзектілігіне қарай қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары мен салалық басқарма және департамент басшыларына тікелей тапсырма беріп, әрбір ұсыныстың зерделенетінін жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар мәселелердің мемлекетаралық деңгейде көтерілгенін айтып, шаруалардан түсіністік пен шыдамдылық танытуды сұрады.

– Ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті көлемде келмеуі кейінгі 3 жылда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кері әсерін тигізуде. Мамандар биыл да дариядағы су деңгейі төмен болатынын ескертіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Апта басында Президентке қуаңшылық, жер мен жем-шөп бағасына қатысты жағдайды баяндадым. Сондықтан сырбойылықтарды түсіністік танытуға шақырамын. Бүгін саладағы қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған шаруалардың үніне құлақ түріп, арыз-шағымдарыңыз бен ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мәселелер белгіленген тәртіп пен заң аясында шешіледі, – деді облыс әкімі.

Елуге жуық шаруаны тыңдаған аймақ басшысы әкімдік тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты. Мәселен, облыс аумағындағы 400-ден астам құдықты тазалауға жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Аудандарда шабындық пен жайылымдық жерлердің картасы жасалып жатыр. Облыс басшысы орын алған жағдайды ескере отырып, егістің көлемін белгілеп алу ұсынысын жеткізді. Айта кетейік, аймаққа келетін су көлемінің төмен болуы мемлекетаралық деңгейде қаралуда. Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша Өзбекстан президентімен бірқатар келіссөздер жүргізген болатын. Премьер-министр Әлихан Смайылов та үкіметаралық деңгейде вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын пысықтады.

Ауыл шаруашылық саласының сарапшысы А.Садырбаев бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, өңірлердегі су шаруашылығы мекемелері жанынан суды пайдалану саясаты бойынша қоғамдық кеңес құру, ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің 10%-ін жастар жобаларына бөлу, субсидияны орта және шағын шаруа қожалықтарына үлестіру, ветеринария саласына реформа жүргізу ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге, салаға жаңа леп әкеліп, малшы мәртебесін көтеру бастамасын да қозғады.

Жиын соңында облыс әкімі сындарлы диалог орнату арқылы ортақ мәселелер бірлесіп шешілетінін айтып, наурыз айында аудандарда болатынын мәлімдеді.

Сонымен, жиында шаруалар көтерген мәселелер хаттамаға түсіріліп, ҚР АШМ-іне жолданатын болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<