Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі концепциясы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрлік жұмысының келесі бір үлкен бағыты – халық үніне құлақ асатын мемлекет пен ақпаратты қолжетімді ету. Әрине, бұл барлық мемлекеттік органдарға ортақ міндеттер. «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы қазір қоғамның қызу қолдауын тауып, шын мәнінде үлкен үміт күтетін концепция болып отыр. Оның аясында осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Мәселен, министрлік басшылығының азаматтарды тұрақты түрде қабылдауы мен олардың өтініш-тілектерін бақылау ісі бір жүйеге келтірілген. Министрдің жеке блогы да үздіксіз жұмыс істейді», – министр Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында.
Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік органдарда қоғамдық және онлайн қабылдау орындары ашылды. Осы орайда, мемлекеттік органдардың интернет сайттарын біріктіріп, азаматтардың өтініші түсетін Тұтас платформа жасалды. Барлық өңірлерде «109» байланыс орталықтары жұмыс жасап, әкімдіктерде «бір терезе» принципімен қызмет көрсететін фронт-офистер ашылды.
«Міне, бүгінгі біздің есеп беру кездесуіміз сияқты барлық шаралар қазір тек онлайн-трансляция арқылы өтеді. Осының барлығы – «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының қаншалықты тиімді екендігін дәлелдеді. Сондықтан да, біздің министрлік тарапынан осы концепцияға өте маңызды стратегиялық құжаттың жобасы енгізіліп отыр. Ол –Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі концепциясы. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың қызмет көрсету сапасын арттыру мен азаматтық қоғамның шешім қабылдау үрдістеріне қатысу белсенділігін арттыру үшін қажет», – деді А. Балаева.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<