Жұмысшы мамандықтар жылында өз саласының көрінбейтін жауынгерлерін дәріптеуді жалғастырамыз. Сол тізімге бүгін жүгі ауыр жұмысты атқарып жүрген мейірбикені қосуды жөн көрдік.
Нұргүл Тамабаева – Сырдария ауданы С.Сейфуллин ауылдық амбулаториясының мейірбикесі. Облыс орталығындағы «Өркениет» медицина колледжін тәмамдаған ол еңбек жолын 2012 жылы Оспан Мәлібаев ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекетте фельдшер болып бастаған.
Көп ұзамай өзі туып-өскен С.Сейфуллин ауылына ту тікті. Еңбек жолын осындағы фельдшерлік-акушерлік бекетте жалғастырып келеді. 2020 жылы бекет атауы дәрігерлік амбулатория болып ауысуына байланысты фельдшерлерге мейірбике мәртебесі берілді.
Елді мекенде 1600-ге жуық адам тұрып жатыр. Оларға білімді әрі білікті дәрігер Әсем Тоқтарқызының жетекшілігімен 3 мейірбике медициналық қызмет көрсетеді.
– Маған бекітілген аумақта 110 шақты отбасы бар. Бізге арнайы көлік бөлінбеген. Бірақ солай екен деп қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Күн сайын шамамен 10-15 үйді аралап, ересектер мен балалардың денсаулығын тексеріп, қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Ауру мезгіл таңдамайды. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін де, түнде де шақырулар түседі. Ондай кезде үй тірлігін қоя тұрып, таныстардан көлік сұрастырып, көлік табылмаса алыс-жақындығына қарамай жаяу барып, науқастың қасынан табыламыз, – дейді Нұргүл Тамабаева.

Ауыл тұрғындары негізінен артериялық қан қысымы, демікпе, қант диабеті, артрит, артроз сияқты диагноздармен диспансерлік есепке алынған.
Кейіпкеріміз қиындығы мен қызығы қатар өрілген еңбек жолындағы өкінішті естелігін бөлісті.
– 2013 жыл. Ауылға ауысып келгеніме көп уақыт өте қоймаған. Көктемде сыныптасымның әкесі егістік басында шөп орып жүріп, инфаркт алған екен. Бірге ере барған кісілер оны амбулаторияға көлікпен алып келді. Жеткен бойда жедел жәрдем шақырып, оған дейін үш мейірбике алғашқы медициналық көмек көрсетуге күш салдық. Өкінішке орай ағамызды аман алып қалу мүмкін болған жоқ. Жедел жәрдем көлігі жеткенше жан тапсырып үлгерді. Сол кезде қолдан қайран келмегені үшін жылап жібергенмін. Бұл оқиғаны әлі күнге өкінішпен еске аламын, – дейді мейірбике.
Кейіпкеріміз басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әрдайым жанынан табылып, қысылғанда қол ұшын беру бала күнгі арманы екенін айтты. Арманын орындауға туған әпкесі көмектесіп, қолдау білдірген.
– Жұмысыңды жақсы біліп, жақсы көріп, шын ниетпен атқарсаң, ешқандай қиындығы жоқ. Үлкеннің де, кішінің де тілін таба білсең, көмегіңе мұқтаж адамдарға септігің тисе, одан асқан бақыт жоқ, – дейді Нұргүл Тамабаева.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





