«Айбын» жастарды шыңдайды

546

0

Жылдағы дәстүрге сай №278 IT мектеп-лицейінде облыстық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Биыл 9-рет өткізіліп отырған сайыста 14 пен 18 жас аралығындағы 135 оқушы жарыс жүлдесін сарапқа салды.

Салтанатты іс-шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы М. Ршауов және әскери қызметкерлер қатысты.

Іс-шарада аудандық, қалалық іріктеу кезеңінде топ жарған 9 команда шын мықтыны анықтады. Атап айтарлығы, жыл сайын өтетін жарыста биыл алғаш рет Байқоңыр қаласының құрамасы бақ сынады.

Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов сайысқа қатысушы сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Бұл іс-шара облыс әкімінің қолдауымен өтуде. Мұндай шаралар бізге қажет. Өйткені, Отанымызға адал, жауапкершілігі жоғары, қайратты және қайсар жастарымыздың басын қосқан бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Біз сіздерге әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Қазақстанның әрбір жетістігі – өздеріңіз сияқты жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Еліміздің абыройын арттыру – сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң. Бүгін баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Жарыс басталмас бұрын қатысушыларға  «ҚР Қорғаныс министрлігінің №66597 әскери бөлім» РММ қызметінде қолданылатын қару-жарақтарының таныстырылымы өтті.

Онан соң жасөспірімдер алғашқы әскери дайындық негіздері бойынша сынға түсті. «Бұл балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, жігерлендіреді әрі балалардың әскери өмірге қызығушылығын арттырады» дейді ұйымдастырушылар.

– Балаларға әскери дайындық қолданбалы спорт түріне жатады. Ал мұндай сайыстар балалардың патриоттық сезімін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Бір ғана мысал, осы жарыс ұйымдастырғалы бірнеше ондаған бала әскери бөлімдерге оқуға түсті, әскерге барып келді, – деді «Самғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Камалов.

Сарбаздар 7 кезең бойынша сынға түсті. Нақтырақ айтсақ, белтемірге тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, газтұтқышты және плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, пневматикалық винтовкадан ату, арқан тарту, АК-74 бөлшектеу мен жинақтау және әскерилендірілген эстафета бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар жоғары балл жинауға барын салды.

Тартысты өткен бәсекеде жүзден жүйрік шыққан Арал ауданы І орынды қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орынды Жаңақорған ауданы еншілесе, үздік үштікті Қызылорда қаласы түйіндеді. Жеңімпаздарға грамота, медаль мен кубоктар табысталды.

Айтпақшы, үздік нәтиже көрсеткен жастар маусым айында Қарағанды облысы Спасск қаласында өтетін республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын болады. Бұған дейін жарыстың республикалық кезеңінде аймақтың оқушылары құралақан қайтпаған. Жеке номинациялар бойынша марапатталып, жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Орайы келгенде айта кетейік, шара қоғамдық даму, білім басқармасы, облыстық ҚР ҰҚК шекара қызметінің департаменті мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қолдауымен өтті.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<