Айбынды армия – тұтастық пен тыныштықтың қалқаны

610

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, осы екі мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш ететінін, батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны. Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Ерлік майданда ғана жасалмайды. Ерлікке бейбіт заманда да орын бар. Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Мыңнан астам техника жеткізілді. Сын сағатта халқымыздың асыл құндылықтары анық байқалады. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты. Жергілікті тұрғындар бұл сарбаздарға айрықша риза болды, оларды зор құрметпен шығарып салды. Міне, халық пен армияның мызғымас тұтастығы дегеніміз – осы. Мұндай мысалдар аз емес, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты. Осы ретте ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді. Сонымен қатар өзінің бастамасымен биылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатынын еске салып, ұлт перзенттерінің батылдығы мен батырлығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатынына назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті.

– Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды. Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингтегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның айбынды армиясы кәсіби тұрғыдан білікті әрі заманға сай озық болуы үшін Қарулы Күштерімізді одан әрі нығайту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

– Күні кеше ғана елімізде жаңа авиация базасы ашылды. Бұл – ұлттық қорғаныс жүйесінің әлеуеті арта түсті деген сөз. Біз армияның беделін көтеруге айрықша мән береміз. Отан қорғау – баршамызға ортақ парыз. Мұны, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінгені абзал. Мемлекет жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оларға арнайы білім гранттары бөліне бастады. Несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Енді армияда жүріп, нақты мамандық алуға болады. «Ер жігітке жарасар, қолындағы найзасы» деп әйгілі Бұқар жырау батырлық пен ерлікті ерекше дәріптеген. Шын мәнінде, әскер – мемлекеттің аса маңызды символы. Мен сарбаздарымыздың жауынгерлік рухы жоғары болғанын мақтан етемін, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылардың еліміздегі ынтымақ пен тыныштықты сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.

Бұдан бөлек, Президент әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<