ҚазАқпарат – 2022 жылдың 11 қаңтарында өткен Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» бастамасын көтерген-ді. Араға біраз уақыт салып Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» деп аталатын депутаттық топ та құрылды. Осыған орай аталған топтың құрылуына себепкер болған депутаттардың бірі Айдос Сарымның Президент бастамасына қатысты бірқатар сауалға жауаптарын ұсынып отырмыз.
– Айдос Әміроллаұлы, Президенттің «Жаңа Қазақстан» бастамасы қоғамымызды біріктіретін күшке айнала ала ма? – Менің ойымша, бұл бастама қоғамымызды біріктіретін күшке айнала алады. Жалпы, қоғамды байқасаңыздар, енді ескіше өмір сүре алмайтынын көруге болады. Шынын айту керек, орын алған қаңтар трагедиясы қоғамымызды, тарихымызды, болмысымызды, дүниетанымызды, пайымымызды өзгертті. Осыған дейін болған Қазақстан және осыдан кейінгі Қазақстан деген тарихи межеге жеттік. Қазір бір топ депутат Алматыдамыз. Халықпен кездесіп жатырмыз, әкіммен жүздесіп шықтық. Бұл қаланың басқа өмірде, басқа Қазақстанда, жаңа Қазақстанда оянған мүлдем жаңа шаһар екенін көзімізбен көрдік. Әсіресе, тұрғындарының ойы, пайымы өзгерген. Осыған дейін қоғамда болған олқылықтарды, басқаларын көтермейтін, оған іштей де, сырттай да наразы және оны белсенді түрде білдіріп жатқан жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Демек, Президент айтқан «Жаңа Қазақстан» идеясы тың философиялық, қажет десеңіз идеологиялық концептіге айналуы керек. Біздің буын аумалы-төкпелі заманды екінші рет басынан өткеріп жатыр. Өйткені, қазір де 90-шы жылдар сияқты өтпелі кезең туды. Осындай кезеңде идеялардың, жобалардың жарысы болады. Жаңа партиялар құрылады. Бүгіннің өзінде 1-2 азаматтың «жаңа партия құрамыз» деп талпынып жатқанын білдік. Бұл үлкен көрсеткіш, қоғамның оянғаны. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» – үлкен дүниеге айналатын бастама. Оның аясында бір-бірімен бәсекелесетін, таласатын жобалар, идеялар, идеологиялар болуы ықтимал. Бірақ, осы кезеңді үлкен концептіге немесе философиялық бағытқа сыйдыруға болатын шығар.
– Бұл бастаманы толыққанды жүзеге асыру үшін қандай іс-шаралар қолға алынуы тиіс? Әлеуетіміз жеткілікті ме?
– Қоғам болғаннан кейін, оның ішінде өзгеріске деген талпыныс болғаннан кейін оған қажетті күш те сөзсіз табылады. Қажет болатын болса оған идеологиялық та, ғылыми да, философиялық та, саясаттанушылық та, әлеуметтанушылық та әлеуетіміз жетеді. Ең бастысы, қоғам оянды. Қоғамға жаңалық керек. Сөзсіз мұның бәрі болады. Бір жерде пайымымыз, парасатымыз жетер, бір жерде интуициямен, енді бір жерде амбициямен жұмыс істерміз. Бірақ, енді бұрынғыша өмір сүре алмайтынымыз, бұрынғы қалыпқа қайтып бармайтынымыз анық нәрсе. Енді өзгеріске, әсіресе мемлекеттік аппараттың, жалпы санасы бар азаматтардың осындай өзгеріске дайын болуы қажет. Оған идеялық тұрғыда шыдамаған, сыймаған адамдардың барлығы ысырылады.
– «Жаңа Қазақстан» құру жолында заң шығарушы орган, оның ішінде өздеріңіздің бастамашылықтарызбен құрылған «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қандай іс-шаралар атқарады? Алға қойған міндеттеріңіз, жоспарларыңыз бар ма?
– Депутаттық топ тіркеуден өтті. Мәжіліс бюросы депутаттар тарапынан мұндай бастама болса, онда оны тіркейтіні анық. «Жаңа Қазақстан» негізінен әр фракциядан, әр топтан құралған. Біз мұндай үлкен өзгерістерге іштей де, сырттай да дайын болуымыз керек. Бұл топ «Мәжілісте жаңаша сөйлеп, жаңаша әңгіме айтатын дүние жасауымыз керек» деген талпыныстан пайда болды. Еш партияның орнын басып алғанымыз жоқ. Партия құруамыз деген иетіміз жоқ. Бәріміз де белгілі бір партияның немесе фракцияның мүшесіміз. Шынын айту керек, осындай тарихи күндері Мемлекет басшысы бүкіл ауыртпалық жүгін мойнына алуға, адами тұрғыдан, мемлекеттік тұрғыдан өте қиын шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Сол себепті ең алдымен Президентке саяси тұрғыдан қолдау көрсетуіміз керек. Екіншіден, Президенттің 11 қаңтарда Мәжілісте, 28 қаңтарда «Nur Otan» съезінде, одан кейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары, міндеттері бар. Оның барлығын қатаң бақылауға алуымыз керек. Қазір шынымен де мемлекет қоғамның сұранысымен жұмыс істеп жатқанын түсінуіміз қажет. Мемлекеттік аппарат оңай шаруа емес. Жергілікті жерде қалыптасқан өзінің құрылымдары бар. Айталық, шындап келгенде аудандық білім бөлімдерінің өзі шағын олигополияның түрі. «Біздің үйреншікті, қанша жылдан бері келе жатқан бағытымыз бар. Осыдан шықпаймыз» дегендей ешқандай реформаны қаламайды. Не болмаса жергілікті жерлерде монополиялық құрылымдық бар. Мысалы, өткендегі Маңғыстау өңіріндегі газ мәселесі осындай монополиялық құрылымнан туындады. Сол монополиялық құрылымдардың да қарсылығын көре бастаймыз. Оның ішінде заң шығарушы, атқарушы билікке де қысым болуы мүмкін. Бүгінгі демократиялық күштерді, басқа да күштерді пайдаланып, қарсы шабуыл да болуы ықтимал. Ал оларға төтеп беретін күшті осындай фракцияаралық депутаттық топтан көріп отырмыз. Біздің әрқайсымыздың бөлек-бөлек амбициямыз, ойлаған дүниеміз, идеологиялық түсінігіміз бар. Таяуда Президент наурыз айында саяси реформалар туралы үлкен бастамаларын жария ететінін мәлімдеді. Демек, сол кезеңнен бастап Парламентке көптеген заң түсе бастайды. Ал Мемлекет басшысының әр идеясы, әр ойы – кем дегенде бір заң. Сол заңдарды бұрынғы тілмен айтар болсақ, «стахановшылар» сияқты күн-түн демей жылдам қарап, реформалардың тезірек іске асуына мұрындық болуымыз керек. Заң жобаларын тез арада қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберуміз қажет. Оны қоғам күтіп отыр. Мұндай жұмысқа дайын екенімізді қоғамға да, өзімізге де паш еткіміз келеді. Жалпы, заң қабылдау белгілі бір уақытты талап ететіні анық. Оның процедуралары бар, жұмыс топтарының отырыстарын өткізу керек. Оған қоғам ішінен шығып жатқан жаңа күштердің бәрін топтастырып, олармен сөйлесе білу қажет. Қоғам ішінде де заңшығарушылық бастамалар жоқ емес. Солармен де бірігіп, ортамызға тартып, парламенттік емес партиялармен, жаңадан құрылатын партиялармен жұмыс істеуіміз керек. Қоғамды біріктіру, топтастыру, үлкен ортақ мәселелерді талқылау, елдегі саяси реформаларды ұзаққа созбай, тезірек өткізу, өмірге жылдам енгізу арқылы қанды трагедияны болашақта болдырмайтынымызды, сол оқиғалардан сабақ алғанымызды қоғамға паш етуге тиіспіз. Енді ескі өмірге орала алмаймыз. Ол түсінікті. Ал жаңа өмірдің қалай болатыны ол, әрине бізге, ішкі шыдамдылығымызға, төзімділігімізге байланысты. Біз тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезең екі адамның біріне түсе бермейді. Бәлкім, ертең немерелерімізге «Сол кезеңде өмір сүріп едік. Осындай қызық та, қиын да жағдайлар болды» деп айтып та отыратын шығармыз. Сондықтан қазір өмір сүріп жатқан ұрпақ осындай тарихи кезеңде дұрыс іс-қимыл жасауы, дұрыс қозғалуы, тың бастамалар көтеруі, идеялар айтуы керек. Қазір жағдай әртүрлі болып кетуі мүмкін. Қоғам ішіндегі азаматтар шыдамсыздық, төзімсіздік танытып, агрессивті түрде «менікі ғана дұрыс» дейтін болса мемлекетті құлатып та алу қаупі бар.
– Қаңтар қасіреті елімізде діни радикализм мен терроризмнің бар екенін көрсетіп берді. Олардың түптамырына балта шаппай, «Жаңа Қазақстан» құру қиын. Ал олармен күрес қалай жүргізілуі керек?
– Радикализм де – идеяның бірі. Бір идеяға тек басқа мықты идеяны қарсы қою арқылы жеңуге болады. Ол балабақшада, мектепте бала тәрбиесінен басталуы тиіс. Мәселен, бүгін Алматы қаласында бір мектепке бардық. «Балалардан дінтану деген пән бар ма?» деп сұрадық. Олар бар екенін айтады. Пәнді діни басқармамен келісе отырып, пайымы дұрыс тарихшылар, дінтанушылар оқытады екен. Яғни, дінтану мәселелерін мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында оқыту, телеарналарда, интернетте дұрыс саясат жүргізу арқылы түсіндіру, айту керек. Діни басқарма молдаларының асқан белсенділігі қажет. Қоғамды «дін мәселесін неге жіберіп алдық?» деген сұрақ мазалайды. Біз атеистік қоғамнан зайырлы қоғамға аяқ бастық. Қарап отырсаңыз, діни қайраткерлеріміздің көпшілігі – жастар. Енді осы кісілер 60-70 жасқа келіп, қоғамға беделді, белсенді болғанда жағдай басқаша болар. Қазір аумалы-төкпелі кезең. Соны пайдаланып сырттан идеялардың кіруі, қоғамға дендеуі, әлеуметтік-экономикалық және басқа да қиындықтарды көтере алмаған азаматтарды қатарына қосып алуы сияқты мәселелер орын алды. Діни радикализммен күресудің тағы бір жолы – дұрыс қоғам құру, әділетті қоғам құру. Өйткені, ешбір адам туа сала діни радикал немесе экстремист болмайды. Ол өмірде қиындық көреді не қиындыққа тап болады, жан-жағына қараса қол ұшын берер ешкім жоқ. Қалаға келеді. Онда да еш туысы жоқ. Мұндай әділетсіздікпен «басқа жолмен» күресу керек деген пайымға келеді. Біз олардың осындай пайымға келетін жолдарын азайтуымыз керек. Әділетті қоғам, әділетті сот болуы қажет. Өмірде қиындыққа тап болған адам бойында «Менікі заңды. Сот, прокуратура арқылы әділеттікті орната аламын» деген түсінік қалыптастыру керек. Сонда ғана қоғам өзгереді. Радикал топтарды, олардың басшыларын қоғамның өзі ысырып тастайтын деңгейге жетеміз. Өйткені, діни радикализммен, терроризммен, экстремизммен тек қана полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, армия күшімен күресу мүмкін емес. Радикализм – бұл ең алдымен әділетсіздіктен, қиындықтан, қоғамда орын алып жатқан олқылықтардан туындаған идея. Сондықтан оның салдарымен емес, себебімен күресу қажет. Қоғамның ішіндегі рухани ахуалды, азаматтардың мемлекетке деген көзқарасын өзгерту керек. Жақсы болайық, жаман болайық, бір-бірімізді жек көрейік, итше талайық. Бірақ, мемлекет деген күрделі құбылыс бар. Әлемде 7 мың тіл бар, ұлт пен ұлыс, этнос бар. Солардың тек 200-іне ғана мемлекет құру бақыты бұйырған. Саны жағынан қазақтан да көп күрдтердің, басқа да ұлттардың әлі күнге мемлекеті жоқ. Олар сол жолда күресіп жүр. Біз 20-ғасырдың бүкіл тарихи қиындығынан аман-есен өттік. Бірнеше рет қырылып қала жаздадық. Үш ашаршылықтан, екі үлкен дүнижүзілік соғыстан, саяси-қуғын сүргіннен аман қалдық. Енді осы мемлекетімізді дұрыс форматына жеткізуіміз қажет. Қиындық қай заманда да болады. Бірақ, «бұл менің мемлекетім, осы мемлекеттен басқа мемлекеттің керегі жоқ. Ішінде қиындығы бар ма, мен оны өзім түзетуге атсалысамын» деген үлкен ішкі ниетпен кірісу керек. Сонда ғана түзелеміз, сонда ғана діни экстремизм, радикализмді жеңе аламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<