Айдостың алға басқан кәсібі

620

0

Өңірде кейінгі жылдары жас кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі − 24 жастағы кәсіпкер Айдос Амангелдиев. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған  ол су-эмульсиялы бояу өндірісін қолға алды. Жаңа цехтың өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннадан асады.

Онда  құрылысқа қажетті су-эмульсиялы, лак-бояу өнімдері шығарылатын болады. Өндіріс технологиясын және зауыттың халықаралық сапа стандартын ескере отырып, қажетті шикізатты Алматыдан сатып алуда.

– Бұл жобаны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырдым. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Қолыма ақша тиген соң  Алматы қаласында оқыдым. Арнайы қондырғы мен жабдығын алып, ғимарат жалдап шағын цех аштық. Эмульсияға қажетті шикізат пен түрлі қоспаны да Алматыдан алдырамыз. Әзірге эмульсияның 3 түрін дайындаймыз, – дейді жеке кәсіпкер.

«Құрылыс» мамандығын бітірген жас кәсіпкер бұған дейін де түрлі кәсіппен айналысқан.  Нарық сұранысын зерттей келе, құрылыс өнімдерін шығаруға бел буады. Себебі аймаққа қарапайым шегенің өзі сырттан тасымалданады. Осы олқылықтың орнын енді Айдос Амангелдиев толтырмақ.

− Біздің өңірге құрылыс материалдарының көбі сырттан келеді. Бұл жұмысты қолға алмас бұрын көп зерттеп, саралап көрдім. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне кәсіп бастаймын деген жанға мемлекеттен қолдау көп. Қазір күніне 8-10 тонна өнім өндіріп отырмыз. Әзірге шағын цех болғандықтан, бір  адам ғана жұмыс жасайды, − дейді ол.

Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс аясын кеңейтіп, бояудың бірнеше түрін өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жұмысшы қатарын да көбейтпек.

− Кәсіптің осы түрін біздің облысқа әкеліп, өндіріс саласына өз үлесімді қосқым келді. Бұл арманым орындалды десем де болады. Сондай-ақ басты мақсатым – халыққа тиімді бағада сапалы өнім ұсыну. Бүгінде эмульсияға сұраныс жоғары. Бағасы да базардағыға қарағанда арзан. Сапасы да жақсы. Кәсіпкер үшін бастысы – өнімге деген сұраныстың жоғары болуы. Бұл тұрғыда үдеден шығып келемін, − дейді ол.

Оның жоспары көп. Кәсібі бір ізге түссе, мұнымен тоқтап қалмай, соңғы үлгідегі бояулардың түр-түрін шығаруды қолға алмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<